Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің жарыққа берешегі 1,8 млрд теңгеге жетті

Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің жарыққа берешегі 1,8 млрд теңгеге жетті
Фото: ЖИ

Алматыдағы бірқатар тұрғын үй кешені мен тұрғын алаптың электр энергиясы үшін жиналған қарызы 1,8 млрд теңгеге жеткен. Оның 600 млн теңгеге жуығы белгіленген мерзімде төленбеген, деп хабарлайды dalanews.kz.

BES.media редакциясына "Алатау Жарық Компаниясы" мен Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, ең ірі берешек Qazaq Stroy компаниясы салған 26 тұрғын үй кешеніне тиесілі. 27 қазандағы есеп бойынша олардың өтелмеген қарызы 842,6 млн теңгені құраған. Ай басында бұл көрсеткіш 990,7 млн теңге болған. Осылайша, қазан айының ішінде берешек 148,1 млн теңгеге азайған.

23 қазандағы дерек бойынша, "Rams Қазақстан" компаниясының қарызы 46,9 млн теңгеге жетсе, "Rams City" тұрғын үй кешенінің мүлік иелері бірлестігіне 47,1 млн теңге берешек тіркелген. Бостандық ауданындағы Өтепов көшесі, 31 мекенжайында орналасқан бұл кешен 44 үй мен 2886 пәтерден тұрады.

Тұрғындар жарық ақысын неге тікелей төлей алмайды?

Қаладағы кейбір тұрғын үй кешендерінде пәтер иелеріне жеке дербес шот әлі ашылмаған. Сондықтан электр энергиясының шығыны ортақ есептеу құралдары арқылы анықталып, энергия жеткізушімен жасалған келісім заңды тұлғаның атына рәсімделеді.

Әкімдік мұның бірнеше себебін атады. Кейбір құрылыс компаниялары электр желілерін коммуналдық меншікке уақытында өткізбейді, қажетті құжаттарды толық рәсімдемейді немесе желілердің кімнің балансында болатынын нақтыламайды.

Мұндай жағдайда тұрғындар жарық ақысын мүлік иелері бірлестігіне немесе басқарушы компанияға аударады. Ал жиналған қаражатты электр энергиясын жеткізуші мекемеге сол ұйым төлеуге тиіс. Алайда тұрғындардың түбіртек бойынша төлем жасауы қаражаттың жеткізушіге толық аударылғанын білдірмейді.

Қарызды өндіру сотқа жетті

Энергетика басқармасының мәліметінше, Alma City тұрғын үй кешенінің 4/2 және 5 учаскелері бойынша сот шешімі шығарылған. Екі кешеннен өндірілетін қарыздың жалпы көлемі 299 млн теңгені құрайды.

Мұндай даулы жағдайларда тұрғындарға есептелген төлем сомасын, тұрғындардан нақты жиналған қаражатты және энергия жеткізушіге аударылған қаржыны өзара салыстыру қажет.

Жеке келісімшарты бар пәтер иелері төлем тарихын "ЭнергоСбыт" мекемесінен тексере алады. Ал есеп айырысу ортақ есептегіш арқылы жүргізілсе, қаражаттың жиналуы мен жеткізушіге аударылуы жөніндегі мәліметті мүлік иелері бірлестігінен немесе басқарушы компаниядан сұратқан жөн.