Ақтауда науқас баланың әкесі шабуыл жасаған балалар хирургі Қанат Исмаил оқиғаның мән-жайын айтып берді. Дәрігер өзіне тағылған айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеп, баланы медициналық талаптарға сәйкес тексеруге жібергенін жеткізді, деп хабарлайды Lada.kz.
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін хирург блогер Азамат Сәрсенбаевқа сұхбат беріп, науқас баланың әкесімен арадағы жанжалға қатысты өз ұстанымын білдірді.
20 жылдан астам еңбек өтілі бар дәрігердің айтуынша, оны баланың аппендицитін дер кезінде анықтамады деп айыптап жатыр. Алайда Қанат Исмаил науқасты алғаш қабылдаған кезде бар болғаны 15 минуттай қарағанын айтады.
«Баланы небәрі 15 минут көрдім»
Хирургтің сөзінше, 19 қазанда сағат 16:51 шамасында қабылдау бөліміне науқас бала жеткізілген. Бұл оның жұмыс ауысымы аяқталуға жақын уақыт болған.
«Мен облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде хирург болып жұмыс істеймін. Хирургиялық тәжірибем 20 жылдан асады. Мені аппендицитті анықтамады деп айыптап отыр. Ал мен бұл баланы небәрі 15 минуттай ғана көрдім», – деді Қанат Исмаил.
Дәрігер баланы алғашқы қараудан кейін қажетті тексерулерді тағайындап, оны келесі кезекші дәрігерлер тобына тапсырғанын айтты.
Оның сөзінше, одан кейін науқастың емдеу процесіне қатыспаған.
Сондай-ақ хирург баланың кейін жасалған операциясына қатысқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Әкесі маған тап берді»
Қанат Исмаил баланың ауруханаға қайта жеткізілген кезіндегі жағдайды да түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл уақытта балаға операция жасалып қойған. Қайта қаралу барысында дәрігерлер қажетті талдаулар мен рентгенологиялық тексеруді шамамен жарты сағат ішінде өткізген.
Хирург науқастың әкесіне баласының жағдайын түсіндірмек болған кезде жанжал туындағанын мәлімдеді.
«30 минут ішінде барлық қажетті тексеруді жүргіздік. Талдаулар алынды, рентген жасалды. Мен әкесіне баланың бұрын операция болғанын, қазіргі жағдайының себебі хирургиялық емес, басқа аурулармен де байланысты болуы мүмкін екенін түсіндірмек болдым. Сол кезде ол маған тап берді. Мен онымен ұрысып та, жанжалдасып та тұрған жоқпын», – деді дәрігер.
Хирургтің айтуынша, медициналық қызметкерлердің әрекеттері Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талаптар мен хаттамаларға сәйкес жүргізілген.
«Осындай жағдайдан кейін жұмыс істеуге құлшынысың жоғалады»
Қанат Исмаил болған оқиғаның өзіне психологиялық тұрғыдан ауыр тигенін жасырмады.
Дәрігер 20 жылдан астам уақыт бойы көптеген баланы емдегенін, алайда бір жағдайдың жылдар бойғы еңбегіне көлеңке түсіргеніне қынжылатынын айтты.
«Бір соққымен сенің бар еңбегің мен біліміңді жоққа шығарғанын түсіну өте ауыр. Біз мұнда күндіз-түні, кейде тәулік бойы жұмыс істейміз. Науқас балалар көп, әрқайсысына көмектесуге тырысамыз. Бірақ осындай қарым-қатынастан кейін қолыңнан ештеңе келмей қалғандай сезінесің. Бұдан кейін қалай жұмыс істеп, адамдардың жүзіне қарайсың?» – деді хирург.
Ол іш ауруымен жеткізілген балалардың барлығында бірдей аппендицит анықталмайтынын да түсіндірді.
Сондықтан хирургиялық араласу туралы шешім қабылдамас бұрын баланы толық тексеріп, операция жасауға нақты медициналық көрсетілім бар-жоғын анықтау қажет екенін атап өтті.
Аурухана дәрігердің әрекетінен заңбұзушылық анықтамаған
Бұған дейін Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берген болатын.
Ведомствоның мәліметінше, 31 қазанда қабылдау бөлімінде болған жанжалға байланысты бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелген.
Ішкі тексеру нәтижесінде хирургтің тарапынан медициналық этика талаптарын бұзу немесе жанжалға арандату әрекеттері анықталмаған.
Ал баланың әкесі бұған дейін дәрігердің қарым-қатынасына көңілі толмағанын айтып, жанжалдың туындауын өз көзқарасы тұрғысынан түсіндірген.
Оқиғадан кейін ер адам ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта болған жағдайға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны тергеу органдары мен сот береді.