Қазақстанда бұған дейін жөнделіп, мердігерлердің кепілдігінде тұрған жолдарға қайта жөндеу жүргізу үшін жаңа тендерлер жарияланған жағдайлар анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысына арналған кеңес өткізді. Жиында жол құрылысының сапасын қамтамасыз ету және заманауи автомобиль жолдары желісін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев автомобиль жолдары саласындағы тексерулердің алдын ала нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, тексеру барысында бұрын жөнделген жолдарға, соның ішінде мердігерлердің кепілдік міндеттемелері әлі күшінде тұрған нысандарға қайта жөндеу жүргізу үшін жаңа тендерлер жарияланған жағдайлар анықталған.
Тексеру жұмыстары жол саласындағы жоспарлау мен құрылыс кезеңдерінен бастап, нысандарды кейінгі пайдалануға дейінгі түрлі заңбұзушылықтарды қамтыған. Анықталған фактілер бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал 8 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, негізсіз мемлекеттік сатып алу шарттары мен жоспарларын жою арқылы 36 млрд теңге көлеміндегі орынсыз шығынның алдын алуға мүмкіндік болған.