VIII шақырылымдағы Мәжіліс таратылып, бір палаталы Құрылтай жасақталғаннан кейін бұрынғы депутаттардың едәуір бөлігі жаңа Парламент құрамына енбей қалды. Бірнеше жыл бойы ел назарында жүріп, министрлерге сауал жолдап, заң жобаларын әзірлеуге атсалысқан халық қалаулыларының мандаттан кейінгі жолы әртүрлі өрбіді. Бірі бұрынғы кәсібіне оралса, енді бірі мемлекеттік қызметке ауысты. Ал кейбірі әлі күнге дейін тұрақты жұмыс таба алмай жүр. Dalanews.kz редакциясы ашық деректерді саралап, экс-депутаттардың қазір немен айналысып жүргеніне және алдағы жоспарларына шолу жасады.
Самат Нұртаза жұмыссыз жүргенін мәлімдеді
Бұрынғы депутаттардың тыныс-тіршілігі туралы пікірталастың қайта жандануына Самат Нұртазаның әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болды. Ол депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейін 123 күн бойы жұмыссыз жүргенін мәлімдеді.
Нұртазаның айтуынша, лауазымнан кеткен соң бұрын жиі хабарласып, жақын араласқан адамдардың қарым-қатынасы өзгерген. Қызметте жүргенде толассыз қоңырау түсетін телефоны қазір бірнеше күн бойы үнсіз қалғанын да жасырмаған.
"Адами кейіп сақтап қалған 7–8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім қоңырау шалсам, тұтқаны көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды", – деп жазды Самат Нұртаза.
Экс-депутат бұл жағдайды тек өзінің басындағы мәселе деп есептемейді. Оның пайымынша, қазіргі Құрылтай депутаттары да өкілеттік мерзімі біткенде осындай қиындыққа тап болуы мүмкін. Өйткені депутаттықтан кейін бұрынғы қызметіне оралуға ниеттенген адамның орнында басқа маман отырады.
Самат Нұртазаның жазбасына пікір білдірген Нұртай Сабильянов бұрынғы әріптесінің көтерген мәселесімен толық келісетінін жазды.
“Самат Русланұлы, жазған постыңызбен толық келісемін. Көтерген мәселеңіз – шындық. Расында да, 2023-2026 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған 30-дан астам әріптесіміз жұмыссыз жүр. Ол туралы сөйлестік те”, – деді Сабильянов.
Нұртай Сабильянов кәсіпкерлікке кіріскен
Нұртай Сабильянов депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейін Алматыға қоныс аударған. Ол тұрақты жұмыс іздеуге мұқтаж емес екенін, зейнетақы алатынын және жеке кәсіпкерлік бағытында еңбек ете бастағанын жеткізді.
“Парламент Мәжілісіндегі депутаттық өкілеттігім аяқталғаннан кейін 259 мың теңге зейнетақы алатынымды, сондықтан жұмысқа орналасуға мұқтаж емес екенімді жазып кеткенмін. Екі жарым ай бұрын Алматыға көшіп келіп, енді кәсіпкерлік субъектісінде жұмысымды бастап жатырмын”, – деді ол.
Бұдан бөлек, ол Қазақстан Халық кеңесінің құрамына енді. Қазір Сабильянов осы органдағы Өңірлік даму және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссияны басқарады. Оның жаңа қоғамдық қызметінің мазмұны да Мәжілісте басқарған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің бағытымен сабақтас.
Соңғы мәлімдемелерінің бірінде ол "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінетін бюджет қаражатына бақылауды күшейту жөніндегі бастаманы қолдаған еді. Бағдарлама аясында 2027-2029 жылдары 6,5 триллион теңге игеру жоспарланған.
"Өкінішке қарай, елімізде мемлекеттік қаражатқа қол сұғып, сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндер әлі де аз емес. Мұндай комиссия құру осыған ұқсас құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған нақты қадам болады деп санаймын", – деді Сабильянов.
Ол өңірлердегі аяқталмай қалған нысандар мен тиімсіз жұмсалған қаражат мәселесін депутат кезінде де бірнеше мәрте көтергенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың жекелеген адамдардың пайда табу құралына айналуына жол бермейтін тетіктер қажет екенін атап өтті.
Бақытжан Базарбек заңгерлік қызметіне қайта оралды
Жер дауы, заңсыз құрылыс және экологиялық мәселелерді жиі көтерген Бақытжан Базарбек Құрылтай құрамына енбегенімен, оның қоғамдық және кәсіби белсенділігі бәсеңдеген жоқ.
Әлеуметтік желідегі парақшасында ол өзін жер құқығы саласының сарапшысы әрі Bazarbek & Partners заң компаниясының басшысы ретінде таныстырған. Ашық деректерде де Бақытжан Базарбек осы компанияның жетекшісі ретінде көрсетілген. Байқағанымыздай, депутаттық мандаты аяқталғаннан кейін ол бұрынғы заңгерлік және сарапшылық қызметіне қайта оралған.
Қазір Базарбек жер және құрылыс заңнамасына қатысты сараптамалық кездесулер мен іскерлік іс-шараларға қатысып жүр. 2026 жылғы 19 қарашада Қытайда өтетін Қазақстан мен Қытайдың құрылыс саласына арналған халықаралық бизнес-форумда ол спикер ретінде сөз сөйлейтінін хабарлаған. Жиында құрылыс саласындағы құқықтық өзгерістер, саланы дамыту және халықаралық жобаларды жүзеге асыру шарттары талқыланбақ. Форум ұйымдастырушылары оны бұрынғы депутат, қоғам қайраткері және жер мен құрылыс заңнамасының сарапшысы ретінде таныстырған.
Бұған дейін Базарбек жол апатынан ауыр жараланып, комаға түскен Нұржігіт есімді азаматтың жанында болу үшін Жамбыл облысының Құлан ауылына уақытша көшкенін мәлімдеген еді. Ол науқас есін жиғанша ауылда қалатынын айтқан.
Ермұрат Бапи Халық кеңесіне енді
Мәжіліс мінберінен саяси және қоғамдық мәселелерді батыл көтерген Ермұрат Бапи де жаңа Құрылтай құрамына енбеді. Экс-депутаттың айтуынша, оған өзге саяси күштерден ұсыныстар түскен. Алайда ол Парламентке қайта оралуды көздемегендіктен, бұл ұсыныстарды қабылдамаған.
Қыркүйекте Ермұрат Бапи Қазақстан Халық кеңесінің құрамына қоғамдық қайраткер ретінде кірді. Ол жаңа орган қоғам мен билік арасындағы диалог алаңы болуы керек деп есептейді. Алайда кеңестің қызметі енді ғана қалыптасып келе жатқандықтан, оның нақты құзыреті мен жұмыс тәртібі толық айқындалмағанын да жасырмады.
Халық кеңесінің мүшелері тұрақты жалақы алмайды және қоғамдық негізде жұмыс істейді. Сондықтан Бапидің негізгі кәсіби бағыты журналистика және қоғамдық-саяси қызмет болып қала бермек.
Нартай Аралбайұлы журналистика мен ұлттық спортты қатар алып жүр
Нартай Аралбайұлы Мәжілістен кеткеннен кейін бірден жаңа мемлекеттік қызметке орналасқан жоқ. Ол уақытша демалыста екенін, алайда Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті ретіндегі қоғамдық жұмысын жалғастырып жүргенін айтты. Бұл қызметке жалақы төленбейді.
Нартай Аралбайұлы федерацияны 2025 жылғы тамыздан бері басқарады. Оның жетекшілігімен қазақстандық спортшылар VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, дәстүрлі садақ атудан төрт медаль жеңіп алды.
Экс-депутат журналистикаға қайта оралуға да дайын екенін жеткізген. Ол депутат кезінде шығармашылық пен ұстаздық қызметке тыйым салынбағанын, сондықтан кәсіби саласынан толық қол үзбегенін айтты.
“Мен ешқашан журналистикадан кеткен жоқпын. Студия, мәтін жазу, эфир жүргізу, шығармашылық ұжымға жетекшілік ету – менің стихиям. Журналистикадан ешқашан кеткен жоқпын, кетпеймін де”, – деді Нартай Аралбайұлы Zhasalash.kz-ге берген сұхбатында.
Еділ Жаңбыршин қоғамдық-саяси қызметін жалғастырды
Экология, энергетика, жылу жүйесі, су ресурстары, лудомания және басқа да қоғамдық мәселелерді көтерген Еділ Жаңбыршин “Әділет” партиясының тізіміне енбеді әрі Құрылтай сайлауына қатысқан жоқ.
Өкілеттігі аяқталғаннан кейін ол жаңа саяси партияға қосылу мүмкіндігін қарастырып жүргенін, алайда бірден сайлауға қатысу жоспары жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ біраз уақыт демалатынын жеткізген.
Кейін Жаңбыршин Қазақстан Халық кеңесінің құрамына енді. Ресми тізімде ол “Саламатты Ел” қоғамдық қорының мүшесі және қоғам қайраткері ретінде көрсетілген.
Яғни, ол заң шығару органынан кеткенімен, қоғамдық-саяси кеңістіктен алыстаған жоқ. Мәжілісте жинаған тәжірибесін енді консультативтік орган мен қоғамдық қор аясында жалғастырып жүр.
Абзал Құспан ғылым мен заңгерлікке ден қойды
Абзал Құспан депутаттықтан кейін заң және ғылым саласындағы жұмысына толықтай бет бұрған. Экс-шенеунік 2024 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қылмыстық құқық кафедрасында докторантурада білім алып жүр.
Сондай-ақ ол бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан заң компаниясының қызметін қайта қолға алып, тәжірибелі мамандардан команда жасақтауға кіріскен.
Құспан мерзімді басылымдарға құқықтық тақырыпта мақалалар жазып, қоғамдық пікірталастарға да қатысып жүр.
Мақсат Толықбай әкімдікке ауысты
Бұрынғы депутат әрі журналист Мақсат Толықбай мандаты аяқталғаннан кейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл мәлімет облыс әкімдігінің ресми ресурсында да көрсетілген.
Жаңа қызметінде ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелермен айналысып, өңірдегі қордаланған проблемаларды шешуге атсалысады. Толықбай депутат кезінде Алматы облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін бірнеше рет көтерген. Сондықтан оның жаңа қызметі Мәжілістегі жұмыс бағытының жалғасы деуге болады.
Ерболат Саурықов білім саласына қайта оралды
Ерболат Саурықов депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейін жоғары білім саласындағы қызметін жалғастырды. Ол Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің құрылтайшысы әрі оқу орнын басқару ісіне араласып жүр.
Саурықов бұған дейін өзінің осы университет президенті қызметінде екенін айтқан. 2026 жылғы қазандағы іс-шараларда да ол университет басшылығы атынан сөз сөйлеген. Оның құрылтайшы екені ашық деректерде расталған.
Дәулет Мұқаев білім беру және қаржылай сауат бағытында жүр
Дәулет Мұқаев депутаттық қызметтен кейін жаңа қызметке орналаспады. Ол бұрыннан айналысып келе жатқан білім беру, қаржылай сауат және әлеуметтік желідегі ағартушылық қызметіне қайта оралды.
Мұқаев университетте сабақ беретінін және талапкерлерді ҰБТ-ға дайындайтын “Алғыр” білім беру орталығына жетекшілік ететінін айтқан.
Сонымен қатар әлеуметтік желідегі парақшасында өзін PhD, экономист және оқытушы ретінде таныстырған. Қала берді, қаржылай сауат, баспана, ипотека және тұрмыстық экономикаға қатысты ақпараттарды жариялауды жалғастырып жүр.
Депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейін Мұқаев “Дәулетті саяхат” жобасына да ден қойған.