Қазақстанда мәслихат сайлауына қатысатын партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу аяқталды. Енді сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Ол 28 қараша сағат 00:00-ге дейін жалғасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәслихат депутаттары бес жылға сайланады. Тұрғындар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс береді.
Облыстық мәслихаттарда 668, қалалық мәслихаттарда 626, аудандық мәслихаттарда 2153 депутаттық мандат бөлінеді. Сайлау 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихатта өтеді.
Сайлау аралас жүйе бойынша өтеді. Яғни оған саяси партиялар да, бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттар да қатыса алады. Кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сондай-ақ, азаматтардың өзін-өзі ұсынуына рұқсат етіледі.
Сайлау қорытындысы бес күн ішінде анықталады.