Ақтөбе облысында есірткі интернет-дүкендерінің мүддесі үшін төлемдер қабылдап, ақша аударымдарын жасаған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастау тобын құрып, оған жеті сыбайласын тартқан. Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп, төлемдерді тәулік бойы қабылдауды ұйымдастырған. Олар күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген.
ҚМА мәліметінше, интернет-дүкен операторлары сатып алушыларға тапсырыс ақысын төлеу үшін осы айырбастау тобына жүгінуді ұсынған. Төлем расталғаннан кейін оларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген.
«Күн сайын айырбастау тобы арқылы 50-ден 70-ке дейін төлем операциясы жүргізілген. Ақша қабылдау үшін дропперлердің атына рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған», – деп хабарлады агенттік.
Жиналған қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударылған. Жалпы аударым көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 миллион теңгеден астам қаражатқа тең.
Схеманы ұйымдастырушы қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.