Қытай билігі мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды едәуір күшейтпек. Бұл туралы Қытайдың «Синьхуа» агенттігі Коммунистік партия Орталық комитеті пленумының шешіміне сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Науқанның мақсаты – жасырын активтерді анықтау және мемлекеттік қызметшілердің ресми табысы мен нақты өмір сүру деңгейі арасындағы сәйкессіздікті тексеру. Осыған байланысты басшылық қызметтегі кадрлардың отбасы мүлкі мен шығындарына тексеру күшейтіледі. Сондай-ақ олардың туыстарының кәсіпкерлік қызметі қатаң бақылауға алынады.
«Жетекші кадрлардың жеке істері бойынша есеп беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ отбасы активтері мен шығындары қалыпты табыс деңгейінен едәуір асып түсетін жағдайларды тексеріп, тергеу қажет. Жетекші кадрлардың жұбайлары, балалары және балаларының жұбайлары жүргізетін шаруашылық қызметіне тұрақты бақылауды күшейту керек», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді, соның ішінде зейнетке шыққаннан кейін де бақылауды күшейту міндеті қойылған. Сондай-ақ жауапкершіліктен жалтару үшін қызметтен кету әрекеттерінің жолын кесу көзделіп отыр.
Сонымен қатар Қытай билігі кадрлар арасында партияға адалдықты тәрбиелеуді күшейтіп, Қытай Коммунистік партиясының, Қытай Халық Республикасының тарихын, реформалар мен ашықтық саясатын, сондай-ақ социализмнің даму жолын зерделеуге көбірек көңіл бөлмек.
Бұған дейін Қытайда бұрынғы шенеунік пара алғаны үшін өлім жазасына кесілген болатын.