Мәжілістің бұрынғы депутаты Самат Нұртаза Facebook парақшасында 123 күннен бері жұмыссыз жүргенін айтып, осы уақыт ішінде басынан өткен жағдайларды бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Экс-депутаттың сөзінше, бұрын жиі хабарласқан әріптестері мен шенеуніктердің көбі қазір қоңырау шалуды доғарған.
"Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды. Бұрын батарейкасы тез отыратын смартфоным қазір ләм-мим тыныш, қуаты екі күнге жетіп жатыр. Адами кейіп сақтап қалған 7–8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім қоңырау шалсам, тұтқаны көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды", – деп жазды Самат Нұртаза.
Оның айтуынша, қызметтен кеткеннен кейін өзгермейді деп сенген кейбір адамдар да теріс айналған. Бұрын үнемі байланыста болуға уәде берген вице-министрлердің де қазір хабарласпай кеткенін жеткізді.
Самат Нұртаза мұндай жағдай қазіргі Парламент депутаттарының да басынан өтуі мүмкін екенін алға тартты. Оның пайымынша, депутаттық өкілеттік аяқталғаннан кейін бұрынғы қызметке қайта оралу қиын. Себебі ол орынға басқа адам тағайындалып қояды.
"Ең қызығы, бұл құбылыс қазіргі Құрылтайдың 145 депутатының басынан өтетін жайт. Тек оны олар өздері білмей отыр. Орныңнан кеттің, депутат болдың. Ал депутаттықтан кейін қайтайын десең, орныңда адам отыр. Тұйық", – деді экс-депутат.
Ол жұмыссыз өткен 123 күннің өзіне үлкен өмірлік сабақ болғанын атап өтті. Осы уақыт аралығында кімнің шынайы қарым-қатынасын сақтағанын, ал кімнің тек лауазымына қарап араласқанын түсінген.
Экс-депутат мемлекеттік қызметкерлердің лауазымнан айырылғысы келмеуінің астарында тек ақша, билік немесе қызметтік кабинет тұрмағанын айтады. Оның пікірінше, адам үшін қоғамға қажет екенін сезіну маңызды.
"Лауазым – көпшілік ойлайтын нақты бір ақша, билік, кабинет емес екен. “Лауазым” – социумға керек екенің, нақты өзің шегелеген орның екен. Адам сол өз орнын жоғалтып алмау үшін психологиялық майданда күресетін сияқты. Қоғамға керек болғанын сезіну – шенеуніктің басты допингі", – деп жазды ол.
Самат Нұртаза Қазақстан жағдайында адам билікке қажет болуы немесе жеке кәсіппен айналысуы керек деген қорытындыға келген.
"Тоқ етері, Қазақстанның реализмінде билікке пайдалы, қажет, ерекше керек болуың керек немесе жеке кәсіпке кету керек. Бұл өмірде басқа нұсқа жоқ сияқты. Бұйырғанын көрерміз", – деді ол.
Dalanews.kz тілшісі экс-депутаттан алдағы жоспары және мемлекеттік қызметке қайта оралу мүмкіндігі туралы сұрады. Алайда Самат Нұртаза әзірге бұл мәселеге қатысты нақты жауап бере алмайтынын айтты.
"Қазір ештеңе айта алмаймын", – деп жауап берді ол.