Алматыда тұрғын үйде мефедрон өндіретін есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жедел уәкілдердің назарына көпқабатты тұрғын үй кешенінде "мефедрон" есірткісін дайындау арқылы есірткі бизнесін жолға қойған қаланың 34 жастағы тұрғыны іліккен.
Шағын зертхананы көршілердің күдігін тудырмау үшін ғимараттың ең жоғарғы қабатына орналастырып, ауа сорғышын үйдің желдету шахтасына қосқан.
"Пәтерді тінту кезінде бір келі дайын өнім, кристалдары бар алты шыны науа, дихлорметан құйылған алты бөтелке, реактивтері бар тоғыз канистр, зертханалық ыдыстар, электрон таразылар және жеке қорғанысқа арналған киім табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 4,5 келі болды", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Есірткіні ұйымдастыру және өндіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.