Қазатомөнеркәсіптің қолдауымен Түркістанда заманауи IT-университеттің жаңа корпусы бой көтеруде

Қазатомөнеркәсіптің қолдауымен Түркістанда заманауи IT-университеттің жаңа корпусы бой көтеруде

Президенттің стратегиялық тапсырмаларын орындау мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен Түркістан қаласында «Woosong University Kazakhstan» халықаралық қазақ-корей IT-университетінің жаңа оқу корпусының құрылысы басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Елімізде білім беру мен жаңа технологиялар саласын дамыту, сондай-ақ заманауи IT-мамандарды даярлау бағытында ауқымды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану және осы сала бойынша халықаралық деңгейдегі кадрлар даярлау мәселесіне ерекше мән беретінін атап өтті.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қойылған міндеттерді орындау жолында ел өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарға Қазатомөнеркәсіп компаниясы да белсенді атсалысып, өндірістік аймақтар мен жаңа орталықтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып жүр. Атап айтқанда, ұлттық компания өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй инфраструктурасын дамытуға бағытталған жалпы қаржыландыру көлемі 14 миллиард теңгеден асатын ауқымды жобаларды қолдап келеді. Бұл бастамалардың ішінде Түркістан облысындағы жобалардың үлесі айтарлықтай жоғары - аймақтағы әлеуметтік мақсаттарға бағытталған қаржы көлемі 10 миллиард теңгеден асады.

Осы ауқымды жұмыстардың өзегі ретінде Түркістан қаласында «Woosong University Kazakhstan» халықаралық IT-университетінің жаңа оқу корпусын салуға тікелей демеушілік көрсетіліп, бұл мақсатқа 7,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Жаңа оқу кешенінің жобасына сәйкес, болашақ білім ордасының ғимараттары 4 қабатты болып салынады және жалпы ауданы 16,5 мың шаршы метрді құрайды. Кешен құрамында А, Б және В блоктарынан тұратын 3 заманауи ғимарат бой көтереді деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстары басталып кетті және барлық инженерлік-техникалық талаптарға сай салынған жаңа нысан 2027 жылғы жаңа оқу жылында студенттерді қабылдайды деп күтілуде.

Инвестициялық жобалар тек ірі нысандармен шектелмейді. Қазатомөнеркәсіп компаниясының еншілес және тәуелді ұйымдары өңірдегі әлеуметтік және инженерлік инфраструктураны жақсартуға, оқу орындарын жөндеуге, мектептерге қолдау көрсетуге және елді мекендерді абаттандыруға бағытталған кішігірім бастамалар мен әлеуметтік жобаларға қосымша 470 миллион теңгеден астам қаражат бағыттаған. Бұл - тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің де дамуына үлес қосады.

Заманауи білім беру ордасында студенттердің жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Оқу орнындағы ішкі ахуал мен студенттік өмірдің қыр-сыры туралы AI & Data Science кафедрасының 2-курс студенті, Student Body президенті Азиза Рамазан өз тәжірибесімен бөлісті:

«Ең басында, әрине, бәріміз жаңа ортаға дым білмей, артық ештеңе күтпей келген едік. Алайда білікті мамандар мен профессорлардың арқасында зейініміз ашылып, көптеген мүмкіндіктерге жол аштық. Мысалы, алдыңғы жылы құрбым Мұстафа Қарақат екеуміз «Söyle AI» стартап жобасын бастадық. Осы жоба арқылы түрлі хакатондар мен жарыстарға қатысып, мол тәжірибе жинақтадық. Сондай-ақ шетелдерге барып, өзге елдердің мәдениетімен танысуға, халықаралық IT сайыстарға қатысуға мүмкіндік алдық. Университет кампусында студенттер үшін барлық жағдай жасалған: бірінші қабатта кантин - асханамыз орналасқан, сабаққа немесе емтихандарға дайындалу үшін бүкіл үшінші қабат, кітапхана берілген. Ғимарат қажетті компьютерлермен толық жабдықталған, соған байланысты емтихандарды да, практикалық тапсырмаларды да оқу орны ұсынған компьютерлерде орындаймыз. Әр қабатта демалатын, достармен сөйлесетін аймақтар қарастырылған. Жаңа корпустардың ашылуымен жастарымызға сапалы білім алу үшін одан да кең мүмкіндіктер ашылатынына сенімдімін!»

Расында да, Қазатомөнеркәсіп қолға алып жатқан осындай ауқымды және ұзақ мерзімді әлеуметтік бағыттағы бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін көтеріп қана қоймай, жас буынның халықаралық стандартқа сай бәсекеге қабілетті, кәсіби маман болып қалыптасуына жол ашады. Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан жаңа оқу корпусы ертеңгі күні еліміздің цифрлық экономикасы мен жасанды интеллект саласына сүбелі үлес қосатын білікті кадрлардың нағыз ұстаханасына айналары сөзсіз.