Қазақстандағы өзендердің басым бөлігі ластанған: кейбірінің суын суаруға да пайдалануға болмайды

Қазақстандағы өзендердің басым бөлігі ластанған: кейбірінің суын суаруға да пайдалануға болмайды
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстандағы өзендердің басым бөлігінде ластану белгілері анықталған. Кейбір су айдындарының суы ішуге ғана емес, тіпті егін суаруға да жарамсыз. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мамандардың мәліметінше, ең таза өзендер қатарына Түркістан облысындағы Ақсу мен Қаттыбұғын, сондай-ақ Алматы облысындағы Шарын өзені жатады. Ал өзге су нысандарының басым бөлігінде әртүрлі деңгейде ластану байқалады.

Ең ластанған өзендердің қатарында мыналар бар:

  • Сарыбұлақ – су құрамында қалқыма заттар мен хлоридтер анықталған;
  • Нұра – жалпы темір мен қалқыма заттардың мөлшері жоғары;
  • Үлбі және Тихая – мырыш пен басқа да ауыр металдардың концентрациясы жоғары;
  • Тобыл және Обаған – минералдану деңгейі, құрғақ қалдық, хлоридтер мен магний мөлшері көп;
  • Ақмола облысындағы Ақсу, Қылшықты, Кіші Қарақожа, Соқыр және Келес өзендерінде де ластану деңгейі жоғары.

Мамандардың бағалауынша, аталған өзендердің суын тек өндірістік қажеттіліктерге ғана пайдалануға болады. Ал егін суаруға жарамсыз.

Айта кетейік, су нысандарының сапасы алты класқа бөлінеді. Бірінші класқа ең таза су айдындары жатса, алтыншы класс қатты ластанған су нысандарын білдіреді. Осы жіктеу арқылы өзен-көлдердегі судың сапасы мен ластану деңгейі бағаланады.