Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығын сынға алды

Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығын сынға алды
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес компанияларының басшылығын ірі инвестициялық жобалардың уақытында жүзеге аспағаны үшін сынға алды. Үкімет басшысы бірқатар нысанның құрылыс және іске қосу мерзімдерін қатаң бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысында қордың 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмысы қорытындыланды. Жиында қаржылық және өндірістік көрсеткіштер, отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары, сондай-ақ ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы талқыланды.

Қор басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, есепті кезеңде қордың түсімі 13 пайызға, таза пайдасы 19 пайызға өскен. Негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар орындалған.

Отырыста жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы да қаралды. Инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіне, мұнай-газ химиясына және дәстүрлі электр энергиясын өндіру саласына бағытталған. Сонымен қатар газ тасымалдау және энергетикалық инфрақұрылым, көлік пен коммуникация бағытындағы жобалар да бар.

Қазір 44 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Қалған жобалар әзірге іске асырудың әртүрлі кезеңінде.

Қордың биылғы маңызды жобаларының қатарында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ұзындығы 380 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуы аталды. Ол екі ел арасындағы деректер алмасу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Сондай-ақ қор Гонконг қор биржасы мен «Астана» халықаралық биржасында жалпы сомасы 3 млрд юань болатын облигацияларын алғаш рет орналастырған. Бұл қадам халықаралық капитал нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстан экономикасына қосымша инвестиция тартуға жол ашпақ.

Көлік саласындағы маңызды жобалардың бірі – Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі. Қазан айында осы бағытпен Қазақстан көмірін Өзбекстанға жеткізген алғашқы жүк пойызы жолға шықты. Жаңа теміржол желісі жүк тасымалының көлемін арттырып, Орталық Азия елдеріне отандық өнім экспорттауға мүмкіндік береді.

Отандық өндірушілерді қолдау аясында қордың қазақстандық компаниялардан сатып алған тауарлары, жұмыстары мен қызметтерінің көлемі тоғыз айда шамамен 1,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға көп. Ал офтейк-келісімшарттардың көлемі 73 млрд теңгені құраған.

Бұдан бөлек, қор жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысын жалғастырып жатыр. 2027–2028 жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларындағы бірқатар ірі медициналық нысанды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар инклюзивті спорт, оңалту, білім беру және мәдениет салаларындағы жобалар жүзеге асырылмақ.

Жиын қорытындысында Олжас Бектенов инвестициялық жобалардың мерзімінен кешігуіне байланысты қор басшылығы мен еншілес компаниялардың жұмысын сынға алды.

Премьер-министр жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауға алуды және оларды жүзеге асыру кезінде отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің үлесін арттыруды тапсырды.

Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа электр қуатын өндіру нысандарын іске қосу, сондай-ақ газ өңдеу зауыттарының құрылысын уақытында аяқтау мәселелеріне баса назар аударуды міндеттеді.

Айта кетейік, бұған дейін Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылуына түсініктеме берген еді. Үкімет басшысы оның жұмыстан кетуіне жаңа энергетикалық қуаттарды салу және іске қосу мерзімдерінің сақталуын бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болғанын айтқан. Мақсұтов 28 қазанда қызметінен босатылды.