Бір платформа істен шықса, мыңдаған адам табыссыз қалады: депутаттар Үкіметке сауал жолдады

Бір платформа істен шықса, мыңдаған адам табыссыз қалады: депутаттар Үкіметке сауал жолдады
pixabay.com

Қазақстанда 956 мыңға жуық адам интернет-платформалар арқылы жұмыс істейді. Алайда цифрлық сервистердегі техникалық ақаулар олардың бір мезетте табысынан айырылуына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының депутаттары Үкіметтен платформалық жұмыспен қамтудағы тәуекелдерді бағалап, жұмысшылардың табысын қорғау тетіктерін әзірлеуді сұрады.

«Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Гүлзира Атабаева мен Елена Смышляева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне депутаттық сауал жолдады.

Депутаттардың мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 35 интернет-платформа операторы арқылы қызмет көрсететін 956 мыңға жуық орындаушы болған. Алдағы уақытта платформалық экономикаға тартылған азаматтардың саны одан әрі артуы мүмкін.

Алайда депутаттар платформалық жұмыспен қамтудың қазіргі жүйесінде азаматтардың табысын қорғауға қатысты осал тұстар бар екенін атап өтті. Бұған Yandex Go сервисіндегі техникалық ақауды мысалға келтірді. Салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер уақытша тапсырыс қабылдай алмай, табыс табу мүмкіндігінен айырылған. Сонымен қатар кейбір орындаушылардың тапқан ақшасын шығарып алуда қиындықтарға тап болғаны туралы хабарламалар түскен.

Депутаттардың пікірінше, бір ғана жеке цифрлық платформаның жұмысындағы ақау жүздеген мың адамның жұмысына және күнделікті табысына тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларға дайындық пен орындаушылардың құқығын қорғау мәселесін жүйелі түрде шешу қажет.

Осыған байланысты фракция Үкіметке платформалық жұмыспен қамтудың еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді бағалау жүргізуді ұсынды.

Сондай-ақ депутаттар цифрлық платформаларда жаппай техникалық ақау болған жағдайда мемлекеттік органдар мен операторлардың бірлесіп әрекет ету жоспарын әзірлеуді сұрады. Құжатта азаматтарды шұғыл хабардар ету, тапсырыстарға қолжетімділікті қалпына келтіру, төленбеген қаражатты жедел өтеу және зардап шеккен орындаушыларға ерікті өтемақы төлеу бағдарламаларын қарастыру ұсынылған.

Бұдан бөлек, ұзаққа созылған техникалық ақаулар кезінде платформаларда жұмыс істейтін азаматтарды қорғаудың нақты тетіктерін операторлармен бірлесіп пысықтау қажеттігі айтылды.

Депутаттар Мемлекет басшысының цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту жөніндегі тапсырмасы азаматтардың тек платформа арқылы табыс табуына ғана емес, сол табыс көзінің тұрақтылығына да кепілдік беретін шешімдермен қатар жүруге тиіс екенін атап өтті.