Алматы Полиция департаменті әйел адам қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкеріне қатысты арандатушылық әрекет жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол полицейдің формасын Хэллоуин костюміне балаған. Нәтижесінде әзіл ретінде бастаған әрекеті әкімшілік жауапкершілікке ұласып, 130 мың теңгеге жуық айыппұлмен аяқталды.
Оқиға 31 қазанда кешкі уақытта Арбат жаяу жүргіншілер көшесінде болған. Сол күні учаскелік полиция инспекторы мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген. Осы кезде оған қолына камера ұстаған әйел келіп, полицейдің формасы "Хэллоуин костюмі емес пе?" деп әдейі сұрақ қойған.
Полиция қызметкері сабыр сақтап, өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткеннен кейін жұмысын жалғастырған. Алайда оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланып, жағдай желі қолданушыларының назарына ұсынылған. Видео авторын Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтады. Ол Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты.
Әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.