Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін есептеудің жаңа әдістемесі бекітілген күні KAZ Minerals Ақтоғайда құны 1,8 миллиард доллар болатын мыс балқыту зауытының құрылысын бастады. Сарапшы Айбар Олжаев осы екі оқиға қатар келуіне назар аударып, мемлекеттік қолдау тетіктері мен компанияның инвестициялық шешімі өзгеруіне қатысты сұрақтар көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
20 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін анықтаудың жаңа әдістемесін бекіткенін хабарлады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоғайдағы мыс балқыту зауыты құрылысын ресми түрде бастады.
Сарапшы назар аударған тұс - жаңа әдістеме өңдеу тарифін есептегенде инвестициялық шығындарды да ескеруге мүмкіндік береді. Яғни қолданыстағы зауыттарды жаңғыртуға және жаңа өндіріс орындарын салуға жұмсалған қаржы тариф қалыптастыру кезінде есепке алынуы мүмкін.
"Бұған дейін өз мыс балқыту зауытын салуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп санаған компания енді құны 1,8 миллиард доллар болатын жобаны жүзеге асыруға кірісті. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде инвестициялық есепке жаңа экономикалық жағдайлар әсер етті ме деген сауал туындайды", - деді ол.
Жаңа зауыт жылына 300 мың тонна катод мыс өндіруге есептелген. Алғашқы өнімді 2030 жылы шығару жоспарланып отыр.
Айбар Олжаевтың талдауынша, жобаға мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігі қатар тартылып жатыр. Зауыт Қазақстанның 17 ірі серпінді жобасының тізіміне және республикалық индустрияландыру картасына енгізілген. Сонымен қатар, Қазақстанның Даму банкі арқылы ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Алайда несие мақұлданғаны туралы ресми ақпарат әзірге жарияланбаған.
Сарапшы ерекше назар аударған тағы бір жайт - жаңа тариф әдістемесінің дәл құрылыс басталар алдында бекітілуі. Оның пікірінше, инвестициялық шығындарды өңдеу тарифінде ескеруге мүмкіндік беретін тетік жаңа өндіріс орындарын салудың экономикалық тартымдылығын арттыруы мүмкін.
"Мемлекет жобаны стратегиялық деңгейде сүйемелдеп, Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылып, инвестициялық құрамдасы бар тариф қалыптастырудың жаңа ережелері бекітілді. Осыдан кейін KAZ Minerals өзінің мыс балқыту зауытын салуға дайын екенін қайта мәлімдеді", - деп жазды сарапшы.
Оның пайымдауынша, компанияның инвестициялық жоспарларының өзгеру тарихы да назар аударуға тұрарлық. 2015 жылы KAZ Minerals директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Қазақстанда мыс концентратын өз күшімен өңдеу қажеттігін айтқан. Алайда 2017 жылы компания зауыт салу жоспарынан бас тартып, жобаны зерттеуге жұмсалған 16 миллион доллар шығынды есептен шығарған.
2018 жылы Новачук жобаның экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін түсіндірген. Компания өз зауытының орнына Қытайдағы бос мыс балқыту қуаттарын пайдалануды таңдаған. Сол кезеңде KAZ Minerals Ақтоғай кен байыту кешенін кеңейтуге 1,2 миллиард доллар инвестиция салған.
2024 жылғы маусымда компания мыс балқыту зауытын салу жоспарын қайта жариялады. Ол кезде жоба құны 1,5 миллиард доллар деп бағаланып, өндірісті 2028 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған еді. Кейінгі экологиялық құжаттарда құрылыс мерзімі 2029 жылғы наурызға дейін ұзартылғаны көрсетілген.
Ал 2026 жылғы қазанда жоба құны 1,8 миллиард долларға жетіп, алғашқы өнімді шығару мерзімі 2030 жылға белгіленді. Осылайша, екі жылда мәлімделген инвестиция көлемі 20 пайызға өскен, ал іске қосу мерзімі тағы кейінге шегерілген.
Құрылыс басталған кездегі телекөпірде Олег Новачук зауыт салуды стратегиялық инвестициялық шешім деп атаған.
"KAZ Minerals үшін металлургиялық кешен салу - стратегиялық инвестициялық шешім әрі Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді салынған қаржы", - деген ол.
Жаңа әдістеме Қазақстан ішінде мыс концентратын өңдеудің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Ал KAZ Minerals-тың 1,8 миллиард долларлық жобасы осындай жаңа жағдайларда жүзеге асырылатын ірі өндірістік бастамалардың бірі болмақ.