Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі мен самбо федерациясы вице-президенті адам ұрлады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz Kozachkov Offside-қа сілтеп.
Мән-жайы
Дерекке сүйенсек, Маңғыстау облысында Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаев пен самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов ұсталған. Олар алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлады деген күдікке ілінген.
Дереккөз мәліметінше, бұған дейін Ақтауда Қайнарбаев таныстарының бірімен кездескен. Кездесу барысында ер адам кетпек болғанымен, оны Lexus 600 көлігінде күштеп ұстап отырған. Алдын ала мәлімет бойынша шенеунікке Бисекенов пен оның адамдары көмектескен.
"Кейін жәбірленушіні қала сыртына алып шығуға әрекет жасалған. Алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты ҰҚК-нің жергілікті департаменті ұстаған. Осыдан кейін Қайнарбаев пен Бисекенов қамауға алынған", - деп жазылған деректе.
Қайнарбаев пен Бисекенов туралы не белгілі?
42 жастағы Жансейіт Қайнарбаев - Маңғыстау облысына танымал тұлға. Ол 2024 жылдың басынан бастап Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін атқарған. Ал 2026 жылғы қыркүйекте Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалған.
46 жастағы Манарбек Бисекенов те өңірде жақсы танымал. Ол самбо федерациясындағы жоғары лауазымынан бөлек, облыстағы түрлі спорт ұйымын басқарған. Сондай-ақ, жасына қарамастан жарыстарға қатысып жүрген.