Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Қайғылы жағдайдан кейін әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікте түрлі болжамдар, расталмаған мәліметтер мен арандатушылық сипаттағы материалдар тарай бастады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, мұндай жағдайда биліктің жедел әрі үйлесімді әрекет етуі маңызды болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, мемлекет оқиғаға қатысты бірнеше бағытта қатар жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, ақпараттық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, тергеу басталды және әлеуметтік-саяси сипаттағы шаралар қолға алынды.
«Алғашқы эмоциялық толқыннан кейін ақпараттық жұмыстың нақты алгоритмі қалыптасты. Жалған ақпаратты анықтау мен жоққа шығару, жағдайды тұрақты бақылау және қоғамға ресми мәлімет беру тетіктері іске қосылды», – дейді Әшімбаев.
Оның пікірінше, зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету жұмыстары да жүйелі ұйымдастырылған. Қайырымдылық пен қолдау шаралары артық жариялылықсыз жүргізілген.
Саясаттанушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымына да тоқталды. Оның айтуынша, Президент тек көңіл айтып, кінәлілерді жазалауды талап етумен шектелмей, мемлекеттің жауапкершілігін нақты атап көрсетіп, қорғаныс саласын реформалау қажеттігін көтерді.
«Президент мәселенің себептеріне назар аударып, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін қандай қадамдар қажет екенін көрсетті. Сонымен бірге армияны жаңғыртуға бағытталған нақты реформалар әзірленетінін мәлімдеді», – деді сарапшы.
Әшімбаев қоғамның да бұл ұстанымды түсіністікпен қабылдағанын айтады. Оның сөзінше, азаматтар биліктің тек оқиғаның салдарын жоюмен емес, жүйелі қорытынды жасап, түйткілдердің түпкі себептерін шешуге ниетті екенін көрді.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда қоғам үшін ең маңыздысы – әділ тергеу жүргізіліп, жауапты тұлғалардың әрекетіне баға берілуімен қатар, әскери қызметтің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты өзгерістердің жүзеге асуы.