Бұрынғы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бірнеше айдан кейін көпшілік алдына шығып, қазіргі қызметі туралы сұрақтарға жауап берді. Ол алдағы уақытта да елге қызмет етуді жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәулен Әшімбаевты QogamNews журналистері Астанадағы Sham театрында кездестірген. Бұрынғы Сенат спикері театр қойылымын тамашалап, спектакль аяқталғаннан кейін актерлермен жүздескен.
Кездесу барысында ол өнер ұжымының шығармашылығына сәттілік тілеп, актерлермен әңгімелескен. Осы сәтті пайдаланған журналистер Мәулен Әшімбаевтан қазіргі уақытта қандай жұмыспен айналысып жүргенін сұрады.
"Мен енді халықтың ішіндемін. Өздеріңіз көріп жатырсыздар, күнде шараларға қатысып жатырмыз. Шетелге де барып, сол жақта шаралар өткізіп жатырмыз. Әрі қарай да елімізге, халқымызға қызмет етеміз деп сенемін", – деді Мәулен Әшімбаев.
Дегенмен бұрынғы Сенат төрағасы қазіргі уақытта нақты қандай қызмет атқаратынын ашып айтпаған.
Айта кетейік, Мәулен Әшімбаев 2020 жылдан 2026 жылға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы қызметін атқарды.