Солтүстік Қазақстан облысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бұрынғы басшысы Ерболат Бекшенов пен алты орман шаруашылығының директоры сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz "Kazinform"-ға сілтеме жасап.
Бекшеновке қызметтік өкілеттігін пайдаланып алаяқтық жасады және пара беруге итермеледі деген айып тағылған. Ал орман шаруашылықтарының бірінің директорына пара беруге көмектесті деген күдік келтірілсе, қалғандары пара беруге оқталды деп айыпталып отыр.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексерістен кейін басталған. Сол кезде өңірдегі бес орман шаруашылығында еңбек заңнамасының бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, кейбір қызметкерлерге жұмысқа келмеген күндері үшін жалақы есептелген. Заңсыз төленген қаражат бюджетке қайтарылып, 19 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, осыдан кейін сол кездегі басқарма басшысы Ерболат Бекшенов орман шаруашылықтарының директорларына мәселе қайта қаралып, қызметтерінен айырылуы мүмкін екенін айтып, әрқайсысынан 100 мың теңгеден жинауды ұйымдастырған. Жиналған ақшаны бір директордың басқа басшылардан алып, оған жеткізуі тиіс болған.
Төрт директор ақшаны 1 наурызда берген. Тағы біреуі Бекшеновпен сөйлескеннен кейін қаражат тапсырған. Алайда кейін басқарма басшысының орынбасары ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жүгініп, жиналған 500 мың теңгені өз еркімен тапсырған.
Сот отырысында Бекшенов пен бес орман шаруашылығының басшысы кінәсін мойындаған. Кейбір сотталушылар прокурормен процестік келісім жасасуға ниетті екенін жеткізген. Ал тағы бір директор тағылған айыпты мойындамай, қорғаушылары оның басшылық тарапынан қысым көргенін алға тартқан. Адвокаттар оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.