АҚШ-та әуе қозғалысын басқару жүйесінде болған ауқымды іркіліс жабдықтардың жаңарту жұмыстары кезінде шамадан тыс жүктелуінен туындаған. Бұл туралы Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында АҚШ көлік министрі Шон Даффи мен Ұлттық қауіпсіздік министрі Марквейн Маллин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шон Даффидің айтуынша, елдің авиациялық жүйесінде әлі күнге дейін бірнеше ондаған жыл бұрын орнатылған аналогтік жабдықтар қолданылады. Министрдің пікірінше, ескі инфрақұрылым қазіргі жүктемені көтере алмай отыр.
Жаңарту кезінде маршрутизаторларға шамадан тыс көп дерек түсіп, соның салдарынан жүйеге келіп түскен ақпарат бір-біріне қайшы болған. Ақыры мамандар жүйені уақытша өшіруге мәжбүр болған.
Осыған байланысты көлік министрі Конгрестен авиациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға 50 млрд доллар бөлуді талап етті. Оның айтуынша, мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қажет.
Авиациялық сервистердің мәліметінше, ақау салдарынан 6 мыңнан астам рейс тоқтатылып, 9 мыңнан астамы кешіккен. Тағы 600-ден астам ұшақ басқа әуежайларға бағытталған. Сарапшылардың бағалауынша, жағдай шамамен 1,5 млн жолаушыға әсер еткен.
АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы (FAA) ел аумағында ұшуға енгізілген уақытша тыйымды шамамен 4-5 сағаттан кейін алып тастады. Әуе кеңістігі қайта ашылып, әуе компаниялары рейстерді біртіндеп қалпына келтіре бастады.