2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда қант диабетінің 32 342 жағдайы анықталды. Скринингтік тексеруден 1,6 миллионнан астам азамат өткен. Анықталған науқастардың шамамен 95 пайызы тұрақты медициналық бақылауға алынған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Денсаулық сақтау саласының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде қант диабетімен ауыратын 575 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 30 987 адамда аурудың бірінші типі анықталған.
14 қараша – Дүниежүзілік диабетпен күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бүгінде әлемде 800 миллионнан астам ересек адам осы аурумен өмір сүреді.
Қазақстанда диабетті ерте анықтау мақсатында 40 пен 76 жас аралығындағы азаматтарға арналған тегін профилактикалық скрининг кеңейтілген. Тексеру екі жылда бір рет жүргізіліп, қандағы гликирленген гемоглобин мен липидтер деңгейін анықтауды қамтиды.
Сонымен қатар елімізде эндокринология және диабет бойынша құзырет орталықтары ашылып, олардың филиалдары Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында жұмыс істейді. 2027 жылдың соңына дейін мұндай орталықтарды барлық өңірде ашу жоспарланып отыр.
Қант диабетімен ауыратын азаматтар мемлекет есебінен инсулин, қант деңгейін төмендететін препараттар және глюкозаны бақылауға арналған медициналық құралдармен қамтамасыз етіледі. 2026 жылы МӘМС қаражаты есебінен осы мақсатқа 60,46 миллиард теңге бөлінген.