Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қызметінен кетті. Тиісті шешімді Үкімет қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы 14 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметінен босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Әзірге оның қызметінен босатылу себебі мен орнына кім тағайындалатыны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Гүлзат Көбенова кім?
Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова 1978 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ол Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих кафедрасында оқытушы болып бастаған.
2002–2009 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Ақтөбе педагогикалық институтында түрлі басшылық қызметтер атқарған.
2009–2010 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің ақпарат басқармасында сарапшы және басқарма басшысы болып еңбек етті.
2010–2018 жылдары Білім және ғылым министрлігінде бірқатар жауапты лауазымдарды атқарды.
2018–2019 жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кітапханасы директорының орынбасары қызметінде болды.
2019 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінде сектор меңгерушісі және инспектор болып жұмыс істеді.
2019 жылдың қыркүйегінен 2020 жылдың қаңтарына дейін Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетін басқарды.
2020–2022 жылдары аталған министрліктің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
2022–2023 жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы болды.
2023 жылдан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетін басқарған.
Гүлзат Көбенова білім беру жүйесі мен мемлекеттік басқару саласында ұзақ жыл еңбек еткен лауазымды тұлғалардың бірі.