Қазақстан футбол құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының С дивизионындағы бесінші турда Молдоваға 1:2 есебімен жеңілді. Кездесу 13 қарашада Кишинев қаласындағы «Зимбру» стадионында өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осылайша, Джон ван ’т Схип жаттықтыратын команда Молдоваға екінші рет қатарынан ұтылып, В дивизионына көтерілу мүмкіндігінен айырылды.
Ойынның 39-минутында алаң иелерінің шабуылшысы Петру Попеску есеп ашты. Екінші таймның 51-минутында Ислам Чесноков таразы басын теңестірді. Алайда 77-минутта Попеску дубль жасап, Молдоваға жеңіс сыйлады.
Матч аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов төрешімен сөзге келіп, екінші сары қағазын алды. Нәтижесінде ол алаңнан қуылды және Словакияға қарсы соңғы кездесуге қатыса алмайды.
Турдың екінші матчында Словакия Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең түсті.
Бес турдан кейінгі топтағы жағдай:
- Словакия – 11 ұпай;
- Молдова – 7 ұпай;
- Фарер аралдары – 5 ұпай;
- Қазақстан – 2 ұпай.
Қазақстан құрамасы топта әлі бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Екі рет тең түсіп, үш рет жеңілген команда енді екінші орынға көтеріле алмайды. Сондықтан В дивизионына өту үшін өтпелі матчтарға қатысу мүмкіндігінен айырылды.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы кездесуін 16 қарашада Астанада Словакияға қарсы өткізеді.