Синоптиктердің болжамынша, 14 қарашада атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты бірқатар өңірде жаңбыр мен қар жауады. Тек еліміздің оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Республика бойынша тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жел күшейеді. Ал солтүстікте жаяу бұрқасын соғуы мүмкін. Бірқатар аймақта дауылды ескерту жарияланған.
Астана қаласында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Түнде ауа температурасы -2...-4°C, күндіз 0...+2°C шамасында болады.
Алматыда жауын-шашын күтілмейді. Түнде ауа температурасы -3...-5°C-қа дейін төмендеп, күндіз +5...+7°C болады.
Шымкентте де жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Ауа температурасы түнде +2°C, күндіз +9...+11°C шамасында болады.
Синоптиктер тұрғындарға жолдарда абай болуды, жылдамдық режимін сақтауды және ауа райының қолайсыздығын ескеруді ескертеді. Қатты жел кезінде ағаштардан, жарнама құрылымдарынан және электр желілерінен алыс жүрген жөн.