“Үш жыл бойы бизнеске құлақ аспады”. Казанцев салық реформасын сынға алды

“Үш жыл бойы бизнеске құлақ аспады”. Казанцев салық реформасын сынға алды
Фото: baq.kz

Қазақстанда B2B операциялары бойынша салықтық шегерімді қайта енгізу салық реформасының сәтсіз болғанын мойындаумен тең. Мұндай пікірді салық консультанты әрі кәсіпкер Дмитрий Казанцев білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz ism.kz-ке сілтеме жасап.

Сарапшының айтуынша, бизнес өкілдері жаңа норманың салдары қандай болатынын Салық кодексі әзірленіп жатқан кезде-ақ ескерткен. Алайда кәсіпкерлердің ұсыныстары естілген жоқ.

"Қазір B2B шегерімін қайтару – реформаның сәтсіз болғанын мойындау деген сөз. Бұл өзгерісті әзірлеп, оны табанды түрде қорғаған адамдар қызметінен кетуі керек. Өйткені үш жыл бойы кәсіпкерлердің пікіріне құлақ аспай, ақыр соңында бизнес ұсынған шешімге қайта оралуды басқаша түсіндіру қиын", – деді Дмитрий Казанцев.

Оның сөзінше, реформа әзірленген кезеңде кәсіпкерлер ықтимал тәуекелдерді нақты деректермен көрсетіп, өзге елдердің тәжірибесін де ұсынған.

"Бұл мәселе Салық кодексі әзірленіп жатқан кезде-ақ көтерілді. Бизнес өкілдері есеп-қисапты да, халықаралық тәжірибені де көрсетті. Билік кәсіпкерлерді тыңдап отырғандай көрінді, бірақ іс жүзінде олардың уәжін естімеді", – дейді сарапшы.

Казанцев қазір B2B шегерімін қайта қарауға үміт пайда болғанын атап өтті. Алайда мұндай шешім қабылданса, реформаны әзірлеуге және қорғауға жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты сұрақ туындайтынын жеткізді.

"Бүгін B2B шегерімін қайтаруға қатысты белгілі бір үміт бар екенін естіп отырмыз. Барлығы оң шешім болады деп күтеді. Бірақ ол қайтарылса, жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін", – деді Дмитрий Казанцев.