LRT құрылысы: Астананың үш көшесінде көлік қозғалысы шектеледі

LRT құрылысы: Астананың үш көшесінде көлік қозғалысы шектеледі
facebook.com/@Jenis Qasymbek

Астанада LRT желісінің екінші кезеңін салуға байланысты Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылындағы көлік қозғалысына қойылған уақытша шектеулер 2027 жылдың соңына дейін сақталады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әкімнің айтуынша, қазір тұрғындардан Tarlan Astana жобасының екінші кезеңіне, соның ішінде аталған көшелердегі қозғалыс шектеулеріне қатысты сауалдар түсіп жатыр.

«Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойында желі құрылысын белсенді бастаймыз. Құрылыс кезеңінде, яғни биылғы жылдың соңына дейін және келесі жылы Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылында жүргізушілер үшін уақытша қолайсыздықтар сақталады. Дегенмен көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның сөзінше, құрылыс аяқталғаннан кейін Tarlan Astana көлік қозғалысын едәуір жеңілдетіп, көшелердің өткізу қабілетін арттыруға және кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта LRT желісінің Қосшы бағытына қарай созылатын екінші кезеңіндегі жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл учаскедегі құрылысты аяқтап, пойыз қозғалысын 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Жобаға жауапты компания құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтауға уәде беріп отыр.

Қасымбек екінші кезең аясында салынып жатқан №201, №202 және №204 станциялардың құрылыс барысымен де танысқан.

Әкімнің мәліметінше, Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталған. Бұл жерде №2 және №3 желілер қиылысады. Соның арқасында жолаушылар көшеге шықпай-ақ бір бағыттан екіншісіне жылдам әрі ыңғайлы ауыса алады.

Жоба жүзеге асқаннан кейін елорданың көлік мүмкіндігі кеңейіп, тұрғындардың қатынауы жеңілдейді. Сонымен қатар қалада заманауи көлік инфрақұрылымы қалыптасады.

Әкімнің дерегінше, қазіргі уақытта Tarlan Astana көлігімен жасалған сапарлардың жалпы саны 13,8 миллионға жеткен.