Қазақстанда үшінші атом электр станциясының орны анықталып жатыр

Қазақстанда үшінші атом электр станциясының орны анықталып жатыр
Depositphotos.com

Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салуға арналған ықтимал алаңдардың қатарына елдің солтүстік өңірі де қосылды. Атап айтқанда, Қостанай облысындағы Тобыл өзені маңы қарастырылып жатыр. Бұған дейін Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы мен Каспий теңізінің жағалауы ықтимал орындар ретінде аталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «Дүниежүзілік атом күндері - 2026» форумында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда үшінші атом электр станциясын орналастыруға болатын бірнеше аумақ зерттеліп жатыр. Алайда әзірге нақты құрылыс жоспары немесе түпкілікті шешім жоқ.

«Біз Шығыс Қазақстандағы Курчатов алаңын зерттеп жатырмыз. Батыс Қазақстандағы Каспий теңізінің жағалауындағы аумақ та көптеген фактор бойынша қолайлы. Сонымен қатар жүйелік оператор - KEGOC компаниясының ұсынысы бойынша солтүстік Қазақстандағы Тобыл өзені маңындағы алаңды да қарастырып жатырмыз. Бұл жерде салқындатуға қажетті су көлемінің болуы ескеріліп отыр», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Агенттік басшысының сөзінше, үшінші станцияның орнын таңдау кезінде электр энергиясын тұтынудың болжамды өсімі, су ресурстары және атом технологияларын кешенді пайдалану мүмкіндіктері назарға алынады.

Сондай-ақ Қазақстанда қуаты орташа реакторларды орналастыру мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Мұндай станциялар электр энергиясын өндірумен қатар, тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етуге, ал кейбір жағдайда суды тұщыландыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясында елде кемінде үш атом электр станциясын салу көзделген. Алғашқы екі станцияны орналастыру үшін Алматы облысының Жамбыл ауданы таңдалған. Бұл аумақтың қолайлылығы геологиялық, гидрологиялық және басқа да зерттеулер нәтижесінде анықталған.

Үшінші АЭС үшін қарастырылып жатқан Курчатов, Каспий жағалауы және Тобыл өзені маңындағы аумақтар алдағы кезеңдерде қосымша зерттеледі. Құрылыс орнына қатысты түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ.