Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаржы тобына кіретін Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) Қазақстанда әмбебап банктік лицензия алды. Енді банк дәстүрлі қаржы қызметтерімен қатар, исламдық қаржыландыру өнімдерін де ұсына алады. Бұл - елімізде дәстүрлі және исламдық банкингті бір ұйым аясында жүзеге асыруға рұқсат алған алғашқы банк, деп хабарлайды dalanews.kz.
Банктік лицензияны Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова XIV Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында салтанатты түрде табыстады.
Агенттік мәліметінше, Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) әмбебап банктік операцияларды жүзеге асыруға, сондай-ақ «исламдық терезе» тетігі арқылы исламдық қаржыландыру қызметтерін көрсетуге мүмкіндік алды.
«Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) дәстүрлі және исламдық банктік қызметті бір банктің аясында, яғни «исламдық терезе» тетігі арқылы ұсынуға рұқсат алған Қазақстандағы алғашқы банк болды», - деп хабарлады қаржы реттеушісі.
Жаңа тетік клиенттерге бір банктен дәстүрлі қаржы өнімдерімен қатар, ислам қағидаттарына сәйкес келетін қаржыландыру құралдарын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін жеке ислам банкін құрудың қажеті болмайды.
Банк активтері $242 млрд-тан асады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жаңа лицензия Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған. Бұл бастама Мемлекет басшысының елге сенімді шетелдік банктерді тарту, банк секторындағы бәсекелестікті күшейту және нақты секторды қаржыландыруды кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 1,64 млрд долларды құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседен астам көп.
ADCB банк тобы БАӘ-дегі активтерінің көлемі бойынша үшінші орында тұр. 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша топтың активтері 242,3 млрд долларға, меншікті капиталы 24,8 млрд долларға жеткен. Ал биылғы тоғыз айдағы таза пайдасы 2,8 млрд долларды құраған.
Банктің несие портфелі 127 млрд доллардан асады. Қаржы тобы корпоративтік және инвестициялық банкинг, сауда және жобалық қаржыландыру, халықаралық есеп айырысу мен қаржылық тәуекелдерді басқару бағыттарында тәжірибеге ие.
Қазақстанда банк қалай құрылды?
Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ге Қазақстанда еншілес банк құруға 2026 жылғы наурызда рұқсат берілген. Жаңа қаржы ұйымы 20 сәуірде заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Ал 13 қарашада әмбебап банктік және исламдық банктік операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензиялар табысталды.
Бұған дейін Қазақстанда осы қаржы тобының қатысуымен «Ислам Банкі ADCB» жұмыс істеген. Ол бұрын Al Hilal атауымен белгілі болған. Қараша айының басында ислам банкі активтері мен міндеттемелерін Қазақстандағы жаңа еншілес құрылымға беру жұмысына дайындалып жатқаны хабарланған еді.
Айта кетейік, дәстүрлі және исламдық банктік қызметті бір ұйым аясында ұсыну мүмкіндігі 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңда қарастырылған. Қаржы реттеушісінің пікірінше, жаңа банктің нарыққа шығуы қаржы қызметтерінің түрін көбейтіп, бизнес пен халық үшін балама қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтеді.