228 млн теңгелік лизинг: “Хабар” агенттігі Apple техникасын сатып алмақ

228 млн теңгелік лизинг: “Хабар” агенттігі Apple техникасын сатып алмақ
Фото: ЖИ

"Хабар" агенттігі мультимедиалық және телерадио хабарларын таратуға арналған жабдықтарды қаржылай лизинг арқылы сатып алуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік сатып алу порталындағы лоттың жалпы құны 228 млн теңгеге бағаланған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Goszakupturaly дереккөзінің мәліметінше, әдетте лизинг тетігі полиция мен төтенше жағдайлар қызметіне қажетті көліктерді, автобустарды, медициналық жабдықтарды немесе орман өртін ерте анықтау жүйелері секілді қымбат кешендерді алу кезінде қолданылады. Ал бұл жолы тапсырыс беруші телевизиялық өндіріс пен хабар таратуға қажетті техниканы таңдаған.

"Сатып алынатын жабдықтардың қатарында Dell Pro Max Tower T2 Desktop жұмыс станциялары, HP Z8 G5 және Nvidia RTX 6000 негізіндегі серверлер, сондай-ақ Apple Mac Studio M5 Ultra компьютерлері бар. Тізімде бұдан бөлек те бірқатар мультимедиалық құрылғы көрсетілген", - дейді дереккөз.

Техниканы неліктен тікелей сатып алмай, лизингке рәсімдеу туралы шешім қабылданғаны әзірге белгісіз. Мұның бір себебі сатып алу құжаттарында қажетті тауарлардың нақты маркасы мен моделін көрсету мүмкіндігіне байланысты болуы мүмкін. Өйткені мемлекеттік сатып алуда брендті дәл атауға көбіне қолданыстағы жабдықты толықтыру кезінде немесе лизинг рәсімделген жағдайда ғана жол беріледі.

"Құжаттағы бағалар да назар аудартады. Мәселен, бір Apple Mac Studio M5 Ultra компьютерінің шекті құны 11 551 724 теңге 14 тиын деп белгіленген. АҚШ нарығында мұндай құрылғылардың бағасы шамамен 6 мың доллардан басталады. Әрине, Қазақстандағы жеткізу, салық, кепілдік қызметі мен нарық ерекшеліктері бағаға әсер етуі мүмкін. Дегенмен әр позиция құнының тиынына дейін есептелуі бұл сомалардың қалай қалыптасқанына қатысты сұрақ туғызады", - деп толықтырды арна.

Ендігі мәселе - лизинг қызметін қай ұйым көрсететіні. Дереккөздің жазуынша, мемлекеттік мекемелер өткізетін мұндай конкурстарда Өнеркәсіпті дамыту қоры жиі жеңімпаз атанады.

"Егер бұл сатып алуда да аталған қор жеңіске жетсе, мемлекеттік лизинг тәжірибесіндегі ерекше жағдайлардың бірі болмақ", – деп жазады GoszakupTuraly.

Әзірге конкурс қорытындысы шықпады. Apple компьютерлері мен хабар тарату жабдықтарын лизингке беретін компания сатып алу аяқталғаннан кейін белгілі болады.