«Ифтар» емес – «ауызашар»: ҚМДБ араб сөздерін қазақша атауға шақырды

«Ифтар» емес – «ауызашар»: ҚМДБ араб сөздерін қазақша атауға шақырды
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қолданыстағы кейбір араб сөздерін қазақша баламаларымен алмастыруды ұсынды. Осыған байланысты діни басқарма қазақ тілінде қолдануға болатын сөздердің тізімін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл ұсыныс Мемлекет басшысының бұрыннан келе жатқан қазақы сөздер мен тіркестердің орнына араб тіліндегі сөздерді қолдану мәселесіне қатысты айтқан пікірінен кейін көтерілді.

Алайда бұл бастама шетелдік сөздерді қолдануға тыйым салуды көздемейді. Діни басқарманың ұсыныстары тек күнделікті қарым-қатынаста қазақ тіліндегі қалыптасқан сөздерді көбірек қолдануға бағытталған. Ал діни құлшылық кезінде араб тіліндегі сөздер бұрынғыдай сақталады.

Мәселен, ҚМДБ «ифтар» сөзінің орнына «ауызашар», ал «сухур» сөзінің орнына «сәресі» атауын қолдануға кеңес береді.

Сондай-ақ «ахи», «ухти», «абла», «аби» деген қаратпа сөздерді және «брат», «сестра» атауларын қазақша баламаларымен алмастыру ұсынылған. Олардың орнына «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолдануға болады.

Діни басқарманың пікірінше, мұндай ұсыныстар күнделікті тілде қазақы сөздердің қолданысын кеңейтуге мүмкіндік береді.