Бейбіт келісімдерде ілгерілеу бар - Зеленский

Бейбіт келісімдерде ілгерілеу бар - Зеленский
Ашық дереккөз.

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен Дублинде өткен кездесу қорытындысы бойынша Ресеймен әскери тұтқын алмасу жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы алмасу нәтижесінде мыңнан астам украин азаматы елге оралуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, тараптар келесі бейбіт келіссөздер кезеңіне Еуропа өкілдерін қатыстыру жөнінде де уағдаласқан. Бұл бастама Украина мен Ресей арасындағы аумақтық мәселелерді, сондай-ақ соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік жүйесін талқылауға мүмкіндік береді.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер алдағы тұтқын алмасу соғыс басталғалы бергі ең ауқымды гуманитарлық келісім болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мыңдаған адамның отбасымен қайта қауышуына жол ашады.

Зеленский де келіссөздердегі бұл нәтижені маңызды қадам деп бағалады. Ол тұтқын алмасудың нақты мерзімі мен қатысушылар саны әзірге жарияланбағанын айтты.

Сонымен қатар тараптар арасында бірқатар маңызды мәселе бойынша келіспеушілік сақталып отыр. Әсіресе аумақтық талаптар мен Украинаның қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптаспаған.

Ресей президенті Владимир Путин Еуропа өкілдерінің келесі келіссөздерге қатысуына келісім бергенімен, Мәскеу Еуропаның қауіпсіздік архитектурасын қайта қарау мәселесін де талқылауды талап етіп отыр.

АҚШ өкілдері келіссөздерде ілгерілеушілік бар екенін айтқанымен, түйінді мәселелер бойынша әлі де елеулі айырмашылықтар бар екенін мойындады.