Қырғызстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Алдын ала мәлімет бойынша, алдағы сайлауға қатысуға 11 адам ниет білдірген. Олардың қатарында қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаров та бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, кандидаттарды ұсыну кезеңі 13 қарашада аяқталған. Үміткерлердің арасында кәсіпкерлер, бұрынғы мемлекеттік қызметшілер, депутаттар және саясаткерлер бар. Тізімде бір әйел кандидат тіркелген.
Президенттікке үміткерлер:
1. Аймен Касенов - кәсіпкер;
2. Азамат Эсенбеков - экономист, бұрынғы аудан әкімі;
3. Сыймык Жапыкеев - Қаржы полициясының бұрынғы басшысы;
4. Акай Қыдыров - кәсіпкер;
5. Исхак Масалиев - саясаткер, Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты;
6. Садыр Жапаров - Қырғызстанның қазіргі президенті;
7. Бактыбек Калмаматов - Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты;
8. Бакытбек Адылов - Мемлекеттік көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы;
9. Амур Айба Медер - кәсіпкер;
10. Мамбетжунус Абылов - Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы;
11. Клара Сооронкулова - Жоғарғы соттың Конституциялық палатасының бұрынғы судьясы.
Алдын ала мәлімет бойынша, үміткерлердің жасы 34 пен 72 аралығында. Ең үлкені - Мамбетжунус Абылов, ал ең жасы Акай Қыдыров. Ол 16 қарашада 35 жасқа толады.
Қырғызстан заңнамасына сәйкес, әрбір үміткерді тіркеу үшін кемінде 30 мың сайлаушының қолын жинауы қажет. Қол жинау 7 желтоқсанға дейін жалғасады. Тіркеуге қажетті құжаттарды қабылдау 13 желтоқсанға дейін жүргізіледі, ал кандидаттарды тіркеу 23 желтоқсанда аяқталады.
Қырғызстандағы президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.