Қазақстанда ішкі сауда өсімі баяулады

Қазақстанда ішкі сауда өсімі баяулады
ашық дереккөз

Қазақстанда қаңтар-қазан айларындағы ішкі сауда өсімі былтырғы 9 пайызбен салыстырғанда 6,2 пайызға дейін баяулады. Көтерме саудадағы өсім 9,7 пайыздан 6,9 пайызға, бөлшек саудада 7,4 пайыздан 4,7 пайызға төмендеді. Бөлшек сауда өсім баяулауы сұраныс төмендегенін көрсетсе, көтерме саудадағы өзгеріс корпоративтік сектордағы тауар айналымы өсімі бәсеңдегенін аңғартады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Көтерме сауда бойынша

2026 жылғы қаңтар-қазанда көтерме сауда көлемі 47 007,6 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2025 жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштің 106,9 пайызына тең. Көтерме сауда айналымының басым бөлігі - азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер. Олардың үлесі - 80,2 пайыз.

Бөлшек сауда бойынша

Бөлшек сауда көлемі 23 034,5 миллиард теңге болды. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 4,7 пайызға көп. Сауда кәсіпорындарының тауарларды бөлшек саудада өткізу көлемі 2,5 пайызға, ал базарларда сауда жасайтындарды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлердің сауда көлемі 2025 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 8,8 пайызға артты.

Бөлшек сауданың жалпы көлемінде азық-түлік тауарларының үлесі 35,7 пайыз, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі 64,3 пайыз болды. 2025 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда азық-түлік тауарларын сату көлемі 11,9 пайызға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарларды сату көлемі 0,9 пайызға өсті.