Қазақстанда байқалмайтын экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі соңғы он жылда айтарлықтай төмендеген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 15,7 пайызды құрады. Ал 2015 жылы 27,5 пайыз болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соңғы бес жылда көлеңкелі экономиканың үлесі әсіресе сауда және логистика салаларында азайған. Атап айтқанда, саудадағы көрсеткіш 5,6 пайыздан 3,1 пайызға дейін төмендесе, логистика саласында 2,9 пайыздан 1,1 пайызға қысқарған.
Ауыл шаруашылығында байқалмайтын экономиканың үлесі 2,6 пайыздан 1,8 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 1,3 пайыздан 1 пайызға дейін азайған.
Өңірлер арасында көлеңкелі экономиканың ең жоғары үлесі Түркістан облысында тіркелген. Мұнда көрсеткіш 27,8 пайызға жеткен. Одан кейін Жетісу облысы (26,1 пайыз) мен Жамбыл облысы (25,7 пайыз) тұр.
Ал ең төмен көрсеткіш Атырау облысында – 4,5 пайыз, Ұлытау облысында 5 пайыз болған.
Мамандар көлеңкелі экономиканың қысқаруын экономикалық процестердің цифрлануымен байланыстырады. Атап айтқанда, онлайн-кассалардың енгізілуі, тауарларды таңбалау, электронды сауданың дамуы және жүк тасымалын цифрлық жүйелер арқылы бақылау сауда операциялары мен тауар айналымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік берген.
Көлеңкелі экономиканы одан әрі қысқарту жұмыстары 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жалғасады. Белгіленген межеге сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 14,5 пайызға, ал 2028 жылға қарай 13,8 пайызға дейін төмендету көзделген.