Қомақты қаржыны қайда ұстаған дұрыс? dalanews.kz сауалына қаржы сарапшысы Айбар Олжай жауап берді.
Сарапшының айтуынша, ірі көлемдегі ақшаны үйде қолма-қол сақтау - ең қауіпті тәсілдердің бірі. Сондай-ақ, ақшаны түгелдей акцияға, облигацияға немесе басқа бір активке салмай, бірнеше бөлікке бөліп сақтаған жөн.
"Оны бірнеше банкте сақтауға болады. Әр банктегі салымға кепілдік берілген шектен аспайтындай етіп бөлген дұрыс. Рейтингі BB-дан төмен емес бес ірі банкті таңдаған жөн", - дейді ол.
Бұдан бөлек, Ұлттық банктің алтын құймаларын сатып алып, оларды банктегі сейф ұяшығында сақтауға болады. Сарапшы ақшаның бір бөлігін осылай сақтауды ұсынды.
"Ал криптовалютаға келсек, оны ақша сақтау құралы ретінде қарастырмаған дұрыс. Криптовалюта - ақшаны сақтаудан гөрі, оны көбейтуге бағытталған инвестиция құралы. Акциялар мен облигациялар туралы да осыны айтуға болады. Мақсат ақшаның құнын жоғалтпай, бастапқы сомасын сақтап қалу болса, осы айтылған тәсілдерді таңдаған жөн", - дейді Айбар Олжай.