Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында "Күміс жас" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру кезінде заңбұзушылық анықталды. Бұл жоба 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Прокуратураның мәліметінше, жұмыс беруші кейбір қызметкерлер жұмыс орнына мүлде келмесе де, табельде оларды толық жұмыс істеді деп көрсеткен. Тіпті жекелеген жұмысшылардың сол уақытта аудан аумағынан тыс жерде болғаны белгілі болды.
Соған қарамастан, мемлекет жұмыс берушіге олардың жалақысының 60-70 пайызын бюджет есебінен өтеп отырған. Осылайша компания қызметкерлердің нақты жұмыс істегенін растамастан, шамамен 4,6 млн теңге субсидия алған.
Прокуратура араласқаннан кейін төлемдер қайта есептеліп, негізсіз берілген 4,6 млн теңге мемлекетке толық қайтарылды.
Алайда қаражатты қай ұйым алғаны және заңбұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілікке тартылғаны туралы мәлімет жарияланған жоқ.