Қазақстандық журналист Александра Алеховаға қатысты апелляциялық сот үкімді жеңілдетті. Сот оның бас бостандығынан айыру мерзімін бір жылға қысқартып, журналистік қызметпен айналысуға салынған тыйымды алып тастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот журналисті үш жылға бас бостандығынан айырып, жазаны бес жылға кейінге қалдырған. Сонымен қатар оған үш жыл бойы журналистикамен айналысуға тыйым салған еді.
Журналистің жаза мерзімі қысқартылды
Апелляциялық алқа рақымшылық жасау туралы заңды ескеріп, бас бостандығынан айыру мерзімін үш жылдан екі жылға дейін қысқартқан. Сондай-ақ жазаны орындауды кейінге қалдыру мерзімі қайта қаралды. Енді ол төрт жыл, 10 ай және 20 күнге белгіленді. Яғни жаза 2031 жылғы 2 қазанға дейін кейінге шегерілді. Бұл уақытта журналистің ұлы 14 жасқа толады.
Бірінші сатыдағы сот жазаны бес жылға кейінге қалдырған болатын. Апелляциялық сот бұл мерзімді баланың жасына қатысты заң талаптарына сәйкестендірді.
Алехова журналистикамен айналыса алады
Апелляциялық сот журналистің үш жыл бойы кәсіби қызметпен айналысуына салынған тыйымды алып тастады. Сот мұндай шешімді журналистика Алехованың негізгі табыс көзі екенімен түсіндірген. Сондықтан оны кәсібінен айыру және баласын асырау мүмкіндігін шектеу орынсыз деп танылған.
Сонымен қатар зардап шеккендерге өтемақы төлеу қорына аударылатын қаражат мөлшері де өзгертілді. Сома қылмыс жасалған кездегі айлық есептік көрсеткішке сәйкес есептеліп, 20 АЕК немесе 68 261 теңге болып белгіленді.
Айыптау үкімі күшінде қалды
Апелляциялық алқа журналисті ақтауға негіз таппаған. Сондықтан оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 147-бабы 5-бөлігі, яғни жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу бойынша шығарылған айыптау үкімі өзгеріссіз қалды. Айта кетейік, Елена Садвакасованың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іс 2022 жылдан бері жалғасып келеді. Ол кезде іс тоқтатылғанымен, кейін қайта жанданған. Осы арыз негізінде бұған дейін тағы бір журналист Олег Гусев те үш жылға шартты түрде сотталған.
Апелляциялық соттың қаулысы заңды күшіне енді.
Алайда журналист жазаны кейінге қалдыру кезеңінде қоғамдық тәртіпті бұзса немесе баласын тәрбиелеу міндеттерінен жалтарса, шартты жаза нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберілуі ықтимал.
Сот үкімінің жеңілдетілуі істің заңдылығы туралы сұрақтарды толық шешпейді. Бұл мәселеге қатысты адвокат Гүлнар Сүлейменовамен сұхбатта да пікір айтылған.