Қазақстанда автокөлікке қатысты алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Күдіктілер көліктерді жалған тұлғалардың атына рәсімдеп, кейін шетелге шығарып, қайта сатумен айналысқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер автокөліктерді екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған адамдардың атына кепілге рәсімдеген. Көліктерді алғаннан кейін Қазақстаннан тыс жерлерге шығарып, қайта сатқан.
Осы тәсілмен шетелге 56 автокөлік шығарылған.
Қылмыстық әрекеттің жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігі еліміздің 10 өңірінде бір мезгілде жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде полиция органдарына 48 адам жеткізілді. Олардың арасында қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген алты адам бар. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жүргізілген жедел іс-шаралар топтың одан әрі әрекетіне тосқауыл қойып, жаңа алаяқтық деректерінің алдын алуға мүмкіндік берген.
Қазір істің барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу Ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Министрлік «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.