Қазақстанда сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген ҰҚК-нің ресми жауабында.
Бұған дейін тараған ақпаратқа сәйкес, ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Еңбек» РМК бас директоры Ермек Шұрманов пен кәсіпорынның азық-түлік басқармасының басшысы Фуркат Худайбергеновті ұстаған. Олар сотталғандарға арналған азық-түлік өнімдерін сатып алу және жеткізу кезінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарға күдікті деп көрсетілген.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, басшылар қызметтік кабинетінде ұсталған. Сондай-ақ Ермек Шұрманов Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қызметіне кіріскен кезеңде бас директор болып тағайындалғаны айтылған.
Осыдан кейін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін азық-түлікпен қамтамасыз ету тәртібі өзгергені туралы мәлімет тарады. Бұрын сегіз жеткізуші айналысқан жұмысты кейін бүкіл Қазақстан бойынша бір ұйымға шоғырландырғаны айтылған. Алайда бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме әзірге жарияланған жоқ.
Бұған дейін Қазақстан колонияларындағы сотталғандарды тамақтандыру мәселесі де көтерілген. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, мекемелерге азық-түлік жеткізудегі үзілістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің назарын аударған.
Сонымен қатар азық-түлік жеткізуді орталықтандыру туралы шешімді кім қабылдағаны және бұл процесте Ішкі істер министрлігі басшылығының қандай рөл атқарғаны жөнінде сұрақтар туындап отыр.