Алатау қаласында Lay’s чипсысы қазақстандық картоптан өндіріле бастады

Алатау қаласында Lay’s чипсысы қазақстандық картоптан өндіріле бастады
ашық дереккөз

Алматы облысындағы Алатау қаласында америкалық PepsiCo компаниясы қазақстандық картоптан жасалған Lay’s чипсысының алғашқы қаптамасын шығарды. Бұл туралы компания өкілі B20 дөңгелек үстелінде мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компания Қазақстанда тұзды тіскебасар өндіретін зауыт салуға 360 миллион доллар инвестиция құйып жатыр. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде әлемдегі ең ірі снек өнімдерін өндіретін зауыттардың біріне айналуы мүмкін.

Жаңа зауытта 900 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кәсіпорынның ресми ашылуы 2027 жылдың сәуіріне белгіленген. Жоба Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамытуға да ықпал етпек. Атап айтқанда, отандық картопқа сұраныс артып, халықаралық брендтің өнімі Қазақстанның өзінде өндірілетін болады.

Осылайша, Алатаудағы жаңа кәсіпорын ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беретін жобалардың біріне айналмақ.