Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге келді

Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге келді
Фото: aa.com.tr

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен америкалық келіссөз жүргізуші Джаред Кушнер 12 қарашада Мәскеуге келді. Оларды әуежайдан Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев қарсы алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Америкалық өкілдер бүгін Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Келіссөздің бірінші кезекте өтуіне байланысты Путиннің күн тәртібіндегі өзге іс-шаралар түстен кейінге ауыстырылған.

Мәскеуге қандай ұсыныс жеткізілді?

Уиткофф пен Кушнер бұған дейін Абу-Дабиде өткен Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің екі күндік келіссөзіне қатысқан. Бұл үш тараптың ақпаннан бергі алғашқы тікелей кездесуі болды.

Кушнердің мәлімдеуінше, Мәскеуде Украина және Еуропа елдерімен алдын ала келісілген ұсыныстар талқыланады. Келіссөзде соғысты тоқтату жолдары, Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері, атысты доғаруды бақылау және Еуропа өкілдерін алдағы кездесулерге қатыстыру мәселесі қаралуы мүмкін.

АҚШ өкілі тараптар арасында әлі де елеулі келіспеушіліктер барын мойындады. Оның сөзінше, ең күрделі мәселе аумақтарға қатысты ұстаным болып отыр.

Абу-Дабидегі келіссөз немен аяқталды?

Абу-Дабидегі кездесуде түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізілген жоқ. Дегенмен Ресей мен Украина ауқымды тұтқын алмасу жөнінде алдын ала уағдаласты. Оның нақты тәртібі мен қатысушылар саны қосымша келісілмек.

Тараптар соғыстан кейінгі қауіпсіздік жүйесін де талқылаған. Кейбір мәселелер бойынша ортақ түсінік қалыптасқанымен, аумақтық талаптар мен қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты айырмашылықтар сақталып отыр.