Қазақстан халқының басым бөлігі интернетке қосылғанымен, елде әлі де желіні пайдаланбайтын 1,4 миллионға жуық адам бар. Бұл халықтың 6,6 пайызына тең. Мұндай мәлімет DataReportal халықаралық аналитикалық платформасының 2026 жылғы 5 қарашада жарияланған Digital 2027: Kazakhstan есебінде келтірілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу авторлары 2026 жылғы қазандағы және оған дейінгі кезеңдердегі деректерді саралаған. Талдау барысында Халықаралық электр байланысы одағының, GSMA Intelligence, Ookla және әлеуметтік желілердің жарнамалық құралдарындағы мәліметтер пайдаланылған.
"2026 жылғы қазанда Қазақстандағы интернет қолданушылар саны 19,7 миллион адамға жетті. Бұл ел халқының 93,4 пайызын құрайды", – делінген есепте.
Бір жыл ішінде желі қолданушыларының қатары 221 мың адамға, яғни 1,1 пайызға артқан. Алайда интернетпен қамтылған тұрғындардың жалпы үлесі өзгермей, бұрынғы 93,4 пайыз деңгейінде қалған.
Сонымен қатар зерттеуде интернетті мүлде пайдаланбайтын тұрғындардың нақты себебі көрсетілмеген. Сондықтан олардың желіге техникалық мүмкіндік болмағандықтан қосылмай жүргені немесе интернеттен өзге себептермен бас тартқаны белгісіз.
Қазақстандағы мобильді байланыс саны халық санынан да асып түскен. Қазір елде 28,4 миллион белсенді мобильді қосылым бар. Бұл халық санының 134 пайызына сәйкес келеді. Бір жылда олардың саны 712 мыңға көбейген.
"Мобильді қосылым санының тұрғындар санынан көп болуы бір адамның бірнеше SIM-карта немесе eSIM пайдалануымен байланысты. Оның үстіне барлық мобильді қосылым интернетке кіруге арналмаған", – деп түсіндіреді зерттеу авторлары.