Иран Ислам революциясы сақшылар корпусына тиесілі жаңа жерасты зымыран кешенін көрсетті. Ел билігі бұл нысанды қару-жарақты сақтайтын қойма ғана емес, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын орналастыруға және өндіруге арналған тұтас әскери қалашық деп сипаттады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кешеннің ашылуы кезінде Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы Әли Абдоллахи мен Ислам революциясы сақшылар корпусы Әскери-ғарыш күштерінің қолбасшысы Маджид Мусави нысанды аралап, оның дайындығын және зымыран ұшыру қондырғыларын тексерді.
Иран тарапының мәліметінше, база таудың астында, шамамен 500 метр тереңдікте орналасқан. Жерасты бункері қуатты әуе соққыларына төтеп бере алатындай етіп салынған. Дегенмен кешеннің нақты орналасқан жері мен техникалық мүмкіндіктері туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Корпус өкілі Хосейн Мохеббидің айтуынша, Иран зымырандар мен дрондар өндірісінің бір бөлігін жер үстіндегі кәсіпорындардан қорғалған жерасты нысандарына көшірген. Осылайша ел қару-жарақ сақтайтын қарапайым қоймалардан әскери техника өндірілетін әрі орналастырылатын "зымыран қалашықтарын" құруға көшіп жатыр.