Иранда Нетаньяхудың «сыңарына» байланысты дау шықты

Иранда Нетаньяхудың «сыңарына» байланысты дау шықты
facebook

Иран астанасы Тегеранда кептірілген жеміс-жидек пен жаңғақ сататын дүкен иесі сырт келбетінің Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға ұқсастығы үшін әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар тұрғындарды оның дүкенінен сауда жасамауға шақырған. Бұл туралы түркиялық Haberler басылымы жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода егде жастағы ер адамның дүкенінде таразының артында отырғаны көрінеді. Желі қолданушылары оның шаш үлгісі, бет-әлпеті мен мимикасы Израиль премьер-министріне қатты ұқсайтынын байқаған.

Бейнежазба қысқа уақыт ішінде Иран мен араб елдерінің әлеуметтік желілерінде кеңінен тарады. Бірі ер адамның Нетаньяхуға ұқсастығына әзілмен қараса, енді бірі дүкеннің нақты мекенжайын сұраған. Кейбір қолданушылар тіпті арнайы барып, одан сауда жасағысы келетінін жазған.

Дүкенді бойкоттауға шақырды

Алайда желідегі реакцияның бәрі бірдей жағымды болмаған. Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, кейбір қолданушылар ер адамның Израиль премьер-министріне ұқсайтынын алға тартып, оның дүкенінен тауар сатып алмауға шақырған.

Бірқатар жарияланымда мұндай үндеулер дүкен иесінің клиенттерінен айырылуына әсер еткені айтылған. Сондай-ақ кейбір дереккөздер сатушының күтпеген жағдайға байланысты наразылығын білдіргенін жазған. Дегенмен оның өз аузынан айтылған мәлімдеме немесе бизнесіне келген шығын туралы нақты дерек жарияланбаған.

Дүкен иесінің кім екені белгісіз

Әзірге ер адамның жеке басы, дүкенінің нақты орналасқан жері және видеодағы кадрлардың қашан түсірілгені анықталған жоқ. Әлеуметтік желілерде оның есімі туралы түрлі болжамдар тарағанымен, бұл ақпарат сенімді дереккөздер арқылы расталмаған.

Израильдік Israel Hayom басылымы да видеодағы кадрлардың түпнұсқалығын өз бетінше тексере алмағанын жазды.

Оқиға Иран мен Израиль арасындағы ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан саяси шиеленіс аясында өрбіді. Осылайша, қарапайым сатушының сырт келбеті әлеуметтік желіде әзілге айналып қана қоймай, оның кәсібіне қатысты бойкот үндеулерінің тарауына да себеп болған.