Түркияның Ыстанбұл қаласында 35 жастағы Қырғызстан азаматы Айжибек Нургазы қызы адам қолынан қаза тапты. Қылмысқа күдікті ретінде тағы бір қырғызстандық әйел ұсталды, деп dalanews.kz тілшісі BBC-дің қырғыз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 5 қараша күні Ыстанбұлдың Ақсарай ауданында болған. Қырғызстанның Бас консулдығы екі азаматтың арасында жанжал туындап, оның соңы адам өліміне әкелгенін растады. Марқұмның туған інісі Айдарбек Нургазиевтің айтуынша, әпкесі Түркияға осыдан екі ай бұрын ғана қайта оралған.
"Әпкем Айжибек Нургазы қызы 5 қараша күні таңертең қайтыс болыпты. Біз бұл хабарды Қырғызстан уақытымен кешкі сағат 17:00 шамасында естідік. Әпкем 35 жаста еді. Түркияға кеткеніне екі ай ғана болған. 23 тамызда өзім шығарып салған едім", – деді ол.
Айдарбектің сөзінше, әпкесі бұған дейін Түркияда шамамен он жыл жұмыс істеген. Кейін Қырғызстанға оралып, бірнеше жыл туған елінде тұрған. Биыл тамыз айында қайтадан Ыстанбұлға жұмыс істеуге кеткен.
Марқұмның туыстары жанжалдың неден басталғанын да айтып берді. Айдарбек Нургазиевтің мәліметінше, әпкесі Ыстанбұлдағы "312" деп аталатын салонда жұмыс істеген. Ол салон иесінің пәтерінде уақытша тұруға рұқсат алған.
Қайғылы оқиға болған күні Айжибек ұйықтап жатқанда бөлмеге басқа әйел кіріп, телефонмен қатты сөйлесе бастаған. Айжибек ертеңіне жұмысқа баруы керектігін айтып, одан тыныштық сақтауын өтінген.
"Әпкем ертең жұмысқа баратынын айтып, ақырын сөйлеуін сұраған. Әлгі әйел бөлмеден шығып кетіп, кейін пышақпен қайта оралып, әпкемнің жүрегіне сұғыпты. Бетінен де тепкілеген. Бізде болған оқиғаның бейнежазбалары бар", – деді марқұмның інісі.
Бұл – марқұмның туысы баяндаған оқиға нұсқасы. Жанжалдың толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Қырғызстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
"2026 жылғы 5 қарашада Ыстанбұл қаласының Ақсарай ауданында Қырғыз Республикасының екі азаматы арасында жанжал туындап, соның салдарынан 1991 жылы туған А.Н. есімді азамат пышақ жарақатынан қайтыс болды. Қылмысқа күдікті ретінде 1994 жылы туған В.С. есімді азамат ұсталды", – делінген хабарламада.
Дипломатиялық өкілдік аталған істің бақылауда екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Түркияның құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.