Хуситтер зымыраны әлемдегі ең ірі мұнай компаниясының ғимаратын зақымдады

Хуситтер зымыраны әлемдегі ең ірі мұнай компаниясының ғимаратын зақымдады
REUTERS/File Photo

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта йемендік хуситтердің зымыран шабуылы салдарынан мемлекеттік Saudi Aramco мұнай компаниясының зәулім ғимараты бүлінді. Оқиға 8 қарашада король Абдалла атындағы қаржы ауданында (KAFD) болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, шабуылдан кейін ғимараттың бірнеше қабатындағы терезелер сынған. Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі ғимараттың зақымданғанын растады. Алайда ведомство мұны шабуылға тойтарыс беру кезінде құлаған зымыран сынықтарынан болған болмашы зақым деп түсіндірді.

Министрліктің мәліметінше, оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Зақымданған ғимараттың видеосын ConflictRadarME OSINT жобасы жариялағанымен, кейін жазба қолжетімсіз болып қалған. Кадрларды MenchOSINT жобасы да таратып, кейін Middle East Eye басылымы жариялады. Видеодан ғимараттың қасбеті бүлінгенін, терезелері сынғанын және зақымданған бөлігінен түтін көтерілгенін көруге болады. Әлеуметтік желілерде ғимараттың бірнеше қабатына келген зақымды көрсететін фотосуреттер де тарады.

Сауд Арабиясы бастаған әскери коалиция бұған дейін хуситтер Эр-Рияд бағытына ұшырған екі баллистикалық зымыранның жолын кескенін мәлімдеген. Кейін әскери күштер астана мен елдің оңтүстік аймақтарына бағытталған тағы екі қанатты зымыранның жойылғанын хабарлады.

AFP агенттігінің мәліметінше, бірнеше куәгер зәулім ғимараттың зақымданғанын растаған. Олардың бірі ғимараттың бірнеше қабаты, соның ішінде шыны қасбеті бүлінгенін айтқан.

«Ансар Алла» хуситтер қозғалысының әскери өкілі Яхья Сариа топтың Эр-Риядтағы қаржы орталығы мен Сауд Арабиясының шығысындағы Абкайк қаласында орналасқан Saudi Aramco нысандарына соққы бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Сарианың айтуынша, Абкайктегі шабуылдан кейін мұнай нысандарында өрт шыққан. Алайда бұл ақпарат әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ. Хуситтер сонымен қатар Йеменнің бірнеше провинциясында Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштеріне соққы жасағанын мәлімдеді.

Айта кетейік, қазан айында хуситтер Сауд Арабиясының шығысындағы Дахран қаласында орналасқан Saudi Aramco компаниясының бас кеңсесіне де шабуыл жасаған. 13 қазанда зымыран кешендегі ғимараттардың біріне тиіп, оның жоғарғы үш қабатын зақымдаған.

Ол кезде Сауд Арабиясының билігі бастапқыда ғимаратқа әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі атып түсірген зымыранның сынықтары құлағанын хабарлаған. Алайда Reuters агенттігінің компаниядағы дереккөзі ғимаратқа баллистикалық зымыран тікелей тигенін растаған.