Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Азия даму банкінің (АДБ) вице-президенті Инмин Янгпен кездесіп, облигацияларға кепілдік беру қорын құру мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесуде табиғи апаттар қаупін қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық мәселелері де қаралды. Табиғи апаттарға дайындықты кешенді түрде қамтамасыз ету, тұрақтылықты қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсету жайы сөз болды.
Қазақстанда қауіптен сақтандыру жүйесін енгізу жұмысына Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі белсенді атсалысты. Бұл бастама азаматтардың тұрғын үйін сақтандыруға арналған әлеуметтік маңызы бар міндетті жүйе қалыптастыруды көздейді.
Сондай-ақ, тараптар исламдық қаржыландыруды, капитал және облигациялар нарығын дамыту, өңірлік капитал нарығын интеграциялау мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында тараптар облигацияларға кепілдік беру қорын құру және дамыту бағытындағы ынтымақтастықтың маңызы туралы айтты.