Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) филиалының директоры қызметінен кетті. Қазан айында аталған мектептің 58 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылған болатын, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқу орнының баспасөз қызметі басшының өз еркімен жұмыстан кеткенін хабарлады.
Кадрлық өзгерістер туралы журналист Михаил Козачков та мәлімдеді. Оның айтуынша, мектеп әзірге толыққанды дәстүрлі оқу форматына оралмаған. Басқа қалалардан келген оқушыларды интернатқа орналастыру әлі мүмкін болмай отыр. Себебі асхана жұмысы қалпына келтірілмеген. Ал интернатта тұратын оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету – міндетті талаптардың бірі.
Ата-аналар чатына жіберілген хабарламаға сәйкес, 16 қарашадан бастап мектеп сабақты гибрид форматта өткізуді жоспарлап отыр. Қалада тұратын оқушылар мектепке барып оқыса, интернатта тұратын балалар қашықтан білім алады.
Ал басқа қалалардан келген оқушыларды интернатқа орналастыру 22 қарашаға жоспарланған. Дегенмен бұл мерзім асхананың дайын болуына және қауіпсіздік талаптарының орындалуына байланысты өзгеруі мүмкін.
«Оқушылардың интернатқа келуінің болжамды күні – 22 қараша. Бұл күн алдын ала белгіленгенін ескерулеріңізді сұраймыз. Мерзім асхананың дайын болуына және балалардың қауіпсіз жағдайда тұруына қажетті талаптардың орындалуына байланысты болады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ мектеп директоры А. М. Күнгожин 9 қараша күні сағат 18:00-де ата-аналар комитеті төрағаларының жиналысына қатысып, қалыптасқан жағдай, алдағы жоспарлар мен ұйымдастыру мәселелері туралы ақпарат беруі тиіс.
РФММ-де не болған еді?
2026 жылғы 12 қазанда Алматыдағы Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына жіті ішек инфекциясының белгілерімен оқушылар түсе бастаған. Зардап шеккендердің барлығы мектеп интернатында тұрған.
Оқушыларды тамақпен қамтамасыз еткен Master Food компаниясының ас блогына жүргізілген тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтандыруды ұйымдастыру талаптары сақталмаған.
Осы оқиғадан кейін Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс тіркеді.
Жаппай улану дерегінен соң мектеп уақытша қашықтан оқыту форматына көшіріліп, интернат пен асхана жұмысы тоқтатылды.
22 қазанда Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 12 қазаннан бері ауруханаға түскен 58 оқушының барлығы емделіп, үйлеріне шығарылғанын хабарлады.