15 қарашадан бастап Қазақстанда интернет-трафикті орталықтандырылған басқарудың жаңа ережелері күшіне енеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бекіткен құжатқа сәйкес, енді ұялы байланыс операторлары мен хостинг қызметін көрсететін компаниялар да бірыңғай басқару жүйесіне қосылуға міндеттеледі. Бұл өзгеріс интернет пайдаланушыларға қалай әсер етеді және жаңа тәртіп нені көздейді? Dalanews.kz мәселенің мән-жайына үңілді.
Тиісті бұйрыққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев 2026 жылы 30 қазанда қол қойған. Құжат 4 қарашада ресми жарияланып, 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа ереже Қазақстандағы телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару тәртібін жаңартады. Атап айтқанда, интернет-трафикті бағыттау, байланыс операторларын бірыңғай жүйеге қосу және мемлекеттік органдардың тиісті шешімдерін техникалық тұрғыдан орындау талаптары нақтыланған.
Интернетті басқару жүйесінде не өзгереді?
Қазақстанда интернет-трафикті орталықтандырылған басқару жүйесі бұрыннан бар. Сондықтан жаңа бұйрықты интернетке бақылау алғаш рет енгізіліп жатқандай қабылдауға болмайды. Негізгі өзгеріс – осы жүйеге қатысатын байланыс қызметін көрсетушілердің қатары кеңейеді.
Бұған дейін орталықтандырылған басқару жүйесіне негізінен қалааралық және халықаралық байланыс операторлары қосылып келсе, енді бұл талап ұялы байланыс операторларына, хостинг-провайдерлерге және интернеттегі ақпаратты сақтауға арналған серверлермен жұмыс істейтін компанияларға да қолданылады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысындағы интернет-трафик тиісті өңірлік басқару тораптары арқылы бағытталуға тиіс.
Мұндай тораптар интернет желісіндегі деректер ағынын басқаруға және қажет болған жағдайда белгілі бір ресурстарға қолжетімділікті шектеу жөніндегі шешімдерді орындауға мүмкіндік береді.
Егер өңірде қажетті техникалық инфрақұрылым болмаса, байланыс операторы Мемлекеттік техникалық қызметпен келісе отырып, басқа өңірдегі торапқа қосыла алады.
Интернетті кім бақылайды?
Орталықтандырылған басқару жүйесінің техникалық жұмысын "Мемлекеттік техникалық қызмет" акционерлік қоғамы қамтамасыз етеді.
Бұл мекеме байланыс операторларының жүйеге қосылуын ұйымдастырады, қажетті техникалық талаптарды белгілейді және жабдықтардың белгіленген шарттарға сәйкестігін тексереді.
Сонымен қатар орталықтандырылған жүйе арқылы ұлттық қауіпсіздік органдары мен масс-медиа саласындағы уәкілетті органның заңнамада көзделген нұсқамалары орындалады.
Яғни жаңа тәртіп мемлекеттік органдардың интернет желісін басқаруға қатысты шешімдерін байланыс операторларының инфрақұрылымы арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Алайда мұнда екі ұғымды ажырата қараған жөн. Интернет-трафикті техникалық тұрғыдан басқару мен азаматтардың жеке хат-хабарларын оқу бір нәрсе емес. Жарияланған ережеде барлық пайдаланушының жеке жазбаларын жаппай қарау туралы талап көрсетілмеген.
Байланыс операторларына қандай міндет жүктеледі?
Жаңа талаптар ең алдымен интернет қызметін көрсететін компанияларға қатысты.
Олар орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылу үшін Мемлекеттік техникалық қызметке өтініш беріп, қажетті техникалық шарттарды алуы керек.
Құжатқа сәйкес, техникалық шарттарды әзірлеуге 15 жұмыс күні қарастырылған. Ал тиісті жабдықтарды дайындау үшін 30 күнтізбелік күн белгіленген.
Одан кейін операторлардың инфрақұрылымы тексеріліп, жүйеге қосылуға дайындығы бағаланады.
Бұл талаптар ұялы байланыс операторларымен қатар, интернет ресурстарының жұмысын қамтамасыз ететін хостинг қызметін ұсынушыларға да қатысты.
Демек, өзгеріс тек интернетке қосылу қызметімен шектелмей, онлайн платформалардың техникалық инфрақұрылымын да қамтиды.
Қарапайым азаматтар үшін не өзгереді?
Жаңа ереженің қабылдануы интернет пайдаланушылардың күнделікті өміріне қалай әсер ететіні әзірге толық түсіндірілген жоқ.
Құжатта азаматтарға қосымша төлем енгізу, интернет тарифтерін көтеру немесе әлеуметтік желілерді жаппай бұғаттау туралы талаптар қарастырылмаған.
Сондай-ақ пайдаланушылардың жеке хат-хабарлары мен әлеуметтік желідегі жазбалары түгелдей бақылауға алынады деген тұжырым жасауға да негіз жоқ.