Белгілі әнші Асхат Тарғын ақтөбелік әнші, термеші Жәнібек Бекбосыновтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, марқұммен бірге өткізген күндерін еске алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесі Instagram желісіндегі парақшасында қаралы хабарды ауыр қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, Жәнібек Бекбосыновпен талай концертте бірге өнер көрсетіп, түрлі сапарларда жолдас болған.
"Жәнібек Бекбосынов, жерлесім, замандасым, талантты әнші раббысына қайтты деген хабар естіп, көңілім түсіп отыр. Ақтөбеде талай концертте бірге жүріп едік, талай сапарлас болып едім. Алла жаныңды жәннатта шалқытсын! Өте жақсы жігіт еді. Отбасына қайғыра көңіл айтамын", – деп жазды Асхат Тарғын.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе өңіріне танымал әнші, термеші әрі ұстаз Жәнібек Бекбосыновтың кенеттен өмірден өткені хабарланған болатын.
Марқұм ұзақ жылдар бойы Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында солист болып қызмет атқарып, өңірдің мәдени өміріне белсенді араласқан.
Ол халық әндері мен термелерді орындап қана қоймай, эстрадалық бағытта да өнер көрсетті. Жәнібек Бекбосынов республикалық және халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанған.